Қызылжарда қорғаныс саласына арналған жоғары технологиялы құрылғылардың өндірісі дамып келеді. Аймақта кез-келген техниканың миы болып саналатын микросхемалар шығарылып жатыр. Бұдан бөлек жергілікті зауыт радиостанциялардың өндірісін де жолға қоюды жоспарлап отыр. Отандық өнімнің шетелдік бәсекелестерден артықшылығы бар ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.
Петропавлда 16 қабатты микросхемалар жасалып жатыр. Электронды платалар заманауи әскери техникада қолданылады. Бұл күрделі технологияны бүгінде ТМД елдерінің арасында тек Қазақстан мен Ресей меңгерген.
Анна ЗАРЕЦКАЯ, ИНЖЕНЕР-ТЕХНОЛОГ:
Платадағы микросхемаларды біз бастан аяқ өзіміз жасаймыз. Бір платаны жасауға 2 күн уақыт кетеді. Бұл платалар техниканың кез-келген түріне келеді. Біз оны әскери бағытта қолданамыз. Бірақ нақты қай техникаға қойылатыны әскери құпия болып саналады.
Қазір қорғаныс министрлігі Израилдің қымбат рацияларын қолданады. Қызылжарлық инженерлер бұл құрылғыны сапасы жағынан алдын орайтын күрделі рацияны ойлап тапқан. Жалпақ диапазонда жұмыс істейтін бұл радиостанцияның толқындарын бөтен біреуге анықтау мүмкін емес көрінеді. Отандық өнімнің бағасы 1.5 есе арзан. Себебі, қажет заттардың 90 пайызы зауыттың өзінде жасалады.
Артем КАРМАНОВ, ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл - алғаш рет жасалған қазақстандық радиостанция! Ол үш диапозонда жұмыс істейді. Он шақырымға дейін байланыс ұстауға қауқарлы. Оның толқындары шифрланған. Қарсы тарап шифрдің кілтін табу үшін бірнеше жыл бойы әлектенеді.
Қорғаныс министрлігі былтыр аталған құрылғыны сынақтан өткізген. Енді жуық арада әскери салада жаппай қолдануды көздеп отыр.
Жоғары технологиялар өндірісін жолға қойған зауыт мемлекеттік кәсіпорын болып саналады. Сондықтан компанияның басты мақсаты - пайда табу емес, елді, дәлірек айтқанда қорғасын саласын заманауи өніммін қамту.
Алмас НҰРМАҒАМБЕТОВ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Микросхема, радиостанциядан бөлек біз қорғаныс саласы үшін компьютер мен танкілерге арналған нысаналарды жасаймыз. Зауытта жергілікті университетті бітірген мамандар жұмыс істейді. Қазір озық технологияларды меңгеру үшін біз шетелден кадр тартуды жоспарлап отырмыз.
Бүгінде зауыт дәлдігі бойынша бесінші дәрежелі қондырғыларды меңгерген. Болашақта кәсіпорын жаңғыртудан өтіп, отандық смартфон өндірісін қолға алуды діттеп отыр.