Русский Сайттың толық нұсқасы

«Мен үшін түрі маңызды емес». Қара нәсілді қызды асырап алған келіншек басты мақсатын айтты

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2023
  • 1699
Коллаж: Azattyq Ruhy

Алматы маңында тұратын Нұрболат пен Назгүл есімді ерлі-зайыпты осыдан екі жыл бұрын қаладағы мамандандырылған балалар үйінен сәби асырап алғысы келіп, мекемеге барады. Балалар үйіндегі әртүрлі баланың ішінен олар қара нәсілді қыз баланы қатты ұнатып, бірден бауыр басып қалған. Осылайша, қазақ отбасы нәсіліне қарамай, Алматының жетімдер үйіне түскен қызды асырап алған. Оның аты қазір -Назель. Көпбалалы отбасының оқиғасын «Астарлы ақиқат» бағдарламасы баяндап отыр, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Асырап алдым ба, өзім тудым ба, балаларымда ешқандай айырмашылық жоқ. Баланың аты – бала. Тәтті. Аналық сүтімді де бергенмін, сол үшін қатты жақсы көремін. Бірақ жауапкершілік екі есе артады», - дейді Назгүл Қанатқызы.

Назгүлдің қазір «Күміс алқасы» бар. Жас келіншек апасының жолын қуып, «Алтын алқа» алғысы келеді. 21 жасында тұрмыс құрған ол 22 жасында босанған. Қазір- 33 жаста. Бесеуі -туған баласы, біреуін- асырап алған.

«Үлкен баламды дүниеге әкелгенде, перзентханада бірге жатқан 18 жастағы қыз баласын тастап кетті. Ол кезде өзім жап-жаспын, сонда да «тоғыз ай бойы көтерген баласын қалайша тастап кетеді?» деп қатты мұңайған едім. Осылайша, көз алдымда ана сүтін берместен әлгі қызды жетімдер үйіне тапсырып жіберді», - дейді ол.

Назгүлдің жолдасы Нұрболат та бұл оқиғаны әлі ұмыта қоймаған. Арада жылдар өтсе де сол кезде келіншегіне берген сөзінде тұрып, бала асырап алған.

«Әуел бастан орыс болсын, кәріс болсын, өзіміз бауыр басқан баланы асырап аламыз деп ойладық. Бірақ қара нәсілді бала бар деп тіпті ойлаған емеспіз. Назгүл ең үлкен ұлымды босанған кезде көз алдында бір әйел баласынан бас тартқан екен. Сол кезде әйелім қатты жылап, бала асырап алғысы келді. Бірақ ол кезде материалдық жағдайымыз жоқ болды. Дегенмен материалдық жағдайды дұрыстаған соң міндетті түрде бір жетім баланы бауырымызға басып, көмектесеміз деп бір-бірімізге сөз бергенбіз. Міне, қазір жағдайымызды жақсартқан соң, бала асырап алып отырмыз», - дейді Назгүлдің жолдасы Нұрболат Қанжарбекұлы.