Русский Сайттың толық нұсқасы

"Астана" шекаралық бақылау жасағына - 25 жыл

Астана халықаралық әуежайына тәулігіне 50-ден астам рейс келіп-кетеді, 5 мыңнан астам адам елімізге кіріп-шығады. Олардың бәрі жіті бақылаудан өтеді. Әуе шекарамызды қырағылықпен бақылап жүрген сарбаздардың жұмысы туралы әріптесім Ақбота Базарбай айтады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Астана шекаралық бақылау бекетінің сарбаздарына артылған миссия- маңызды. Әуе рейстері күні-түні толастамайды. Сондықтан олар өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарауы керек.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Қазір Ташкент қаласынан ұшақ қонып жатыр. Келгендерді қарсы алып, ал кетіп бара жатқандарды шығарып салатын- бірінші осы шекара қызметкерлері. Бірінші ауысымға 50-ден астам шекарашы шықты. Олар өткізу пунктерінде төлқұжаттарды тексеріп, біздің шекара арқылы қашпақ болған халықаралық іздеудегі қылмыскерлерді ұстайды. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Алтай СЕРҒАЛИ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ "АСТАНА" ШЕКАРА БАҚЫЛАУ БЕКЕТІ БІРІНШІ БӨЛІМШЕ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әркімнің өзінің міндеттері бар. Бізде көлік құралын бақылау, құжаттар мен төлқұжаттарды тексеру және де әуе кемесіне отырғызуды бақылау, өткізу пунктіндегі режимді бақылау шекара нарядтары бар. Барлық бақылаушылар өз міндеттерін атқарады. Көбіне бізге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасынан шығу, немесе Қазақстан Республикасына кіруге тыйым салынған тұлғалар анықталады.

Шекара қызметінде 10 жылдан артық жұмыс істеп жүрген Ерғали Омаров өз тәжірибесінде талай заң бұзушылық пен жалған құжат анықтаған. Жақында Иран азаматының жалған Франция паспортымен біздің шекарадан өтпек болғанын әшкереледі.

Ерғали ОМАРОВ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ "АСТАНА" ШЕКАРА БАҚЫЛАУ БЕКЕТІНІҢ БАҚЫЛАУШЫСЫ:

Күмәндандым жалған екеніне. Бізде тереңдетіп тексеру шекаралық наряды бар. Сол жерге апарып, тереңдетіп тексергенде жалған екені анықталды.

Күмән туғызатын құжаттарды анықтау- халықаралық әуежайларда жиі кездесетін құбылыс. Сондықтан төлқұжатты өзге бөлмеде мамандар тереңдетіп тексереді. Ол үшін арнайы құрылғы қойылған. Бұл техникалық аппаратта барлық әлем паспорттарының үлгісі бар. Яғни, көзге көрінбейтін белгілер мен микро схемалар осы аппараттың көмегімен анықталады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Ал жүкті осылай аға нұсқаушы қызметтік иттермен тексеріп, есірткі, қару-жарақ, басқа да тыйым салынған заттарды анықтайды. Тәулігіне 50 ұшақ шетел асып, 5000-нан астам адам елге кіріп-шығады десек, сол рейстермен келген жүктің бәрі осы аға нұсқаушы мен қызметтік иттің бақылауынан өтеді.

Ары қарай жүктер лентаға салынып, өз иелеріне тапсырылады, немесе ұшаққа тиеледі.

Дастан ЫҚЫЛАСОВ, ҚР ҰҚК ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ "АСТАНА" ШЕКАРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ БЕКЕТІНІҢ АҒА НҰСҚАУШЫСЫ:

Көлік құралдары мен жүктерді тексеру шекара нарядына түсеміз. Таңғы сегізде келіп, кешкі 20:00-ге дейін. Қызметтік иттер есірткі затын анықтауға арналған иттер. Мына жерде багаждар тексерген кезде иттер өздері жүріп отырады. Багаждан есірткі шығатын болса, ол сол жерде тоқтайды, уже өзі "обозначение" дейді бізде бере бастайды. Осы жерді тексереміз. Ұшып кету залына, ұшып келу залына барамыз. Жолаушылардың арасында жүріп тексереміз.

Астана шекаралық бақылау басқармасына биыл -25 жыл. Әуежайдағы шекара басқарма бекетіндегі ең озық жаңалықтың бірі- автоматтандырылған жүйе. "Q-gate" деп аталатын бұл қондырғылар арқылы адамдар төлқұжаттарын сканерлеп, оңай әрі тез тексеру пунктінен өтеді.