Русский Сайттың толық нұсқасы

«Энергетикалық революция» тақырыбында «Зерде» сараптама орталығының жиыны өтті

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2016
  • 2606

Энергетикалық революция. «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және cтратегиялық зерттеулер орталығы өткізген бүгінгі шарада осы тақырып қозғалды. Жиынға қатысушылар Қазақстанда жасыл экономиканы қолдану мен жаңартылған энергия көздерін дамыту жайын сөз етті. «Зерде» сараптама клубының отырысын партия хатшысы Фархад Қуанғанов басқарды.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Көз алдымызда энергетикалық революция жүруде, бұл үдерістен біз де шеттеп қала алмаймыз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көмір, газ, мұнай секілді отын түрлерінен жаңартылған энергия көздеріне бет бұрып жатырмыз. Осы ретте экономиканың даму болашағы жел, су, күн көзінен алынатын арзан әрі экологиялық таза қуат көздерін пайдаланумен тікелей байланысты екенін атап айтқым келеді.

Жасыл экономиканы әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің инвесторлары белсенді түрде қарастыруда. Қазақстан да бұл маңызды қадамды қолдайды. Астанада өткелі отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбын арқау еткен ЭКСПО-2017 көрмесі осының айғағы. «Зерде» сараптама клубының жиынына ғалымдар мен энергетика саласының мамандары қатысты. Әлемдегі энергетика жайы, жаңартылған энергия көздерін қолданудың маңыздылығы талқыланды. Энергия бағасының негізгі динамикасын анықтайтын саяси, экономикалық және технологиялық факторлар сарапқа салынып, болжамдар айтылды.

Тимур Айсауытов, «Нұр Отан» партиясы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары:

Энергия үнемдеу технологиялары тақырыбы бүгінде аса өзекті. Және еліміздің болашақтағы даму үдерісі тап осы жасыл технологияға тікелей байланысты. Басты бағыт - неғұрлым арзан энергияға қол жеткізу, осы арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА