Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда төтенше жағдай жарияланды

  • AstanaTV
  • 10 мамыр 2023
  • 1418

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды "Ашық НҚА" порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Ә.Б. Әубәкіров техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою бойынша басшы болып тағайындалсын және осы шешімнен туындайтын тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылсын", - делінген "Ашық НҚА" порталындағы әкімдік құжаттамасында.

Бұл шешім 7 мамырда болған өрт салдарын жою мақсатында қабылданған.

"Петропавл қаласында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы» Петропавл қаласы әкімінің шешімі 2023 жылғы 7 мамырдағы өрттен зардап шеккен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, өрт салдарын жою мақсатында қабылданады. Негізгі міндет мүлікті бағалау, өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық залалды өтеу және тұрғын үй беру болып табылады", - делінген түсірдірме құжатта.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, 7 мамырда қамыстан жақын маңдағы үйлерге тараған өрт 9 ғимаратты, атап айтқанда, 540 шаршы метр аумақта жеті тұрғын үй және екі бөлек нысанды, "Сервис Вектор" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі гаражды және үш автобусты шарпыды. Аумақтан 40 адам, оның ішінде тоғыз бала эвакуацияланды.