Елде интернет алаяқ көбейіп барады. Соңғы 5 жылда аталған қылмыс түрі бес есе өскен. Келтірілген шығын 35 млрд теңгеден асады. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев аңқау елге арамза молда болғандардың жолын кесуді сұрады. Өйткені, қанша жыл болса да бұл мәселенің шешілер түрі жоқ.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
2018 жылы 4 287 факт анықталса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осындай 20 444 қылмыс тіркеліпті. Ал биылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 4 687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған
Халық арасында онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Банктен кредит рәсімдей алмаған аңқау халықты делдалдар құрыққа оңай түсіріп, алдап кетеді. Мәселен, алаяқтар былтыр несие әперемін деп 3022 адамды сан соқтырды. Биыл бұл көрсеткіш 475-ке жеткен.