Измирде 5 адам қақтығыстан көз жұмды. 2 азамат ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Ал, Швейцарияда тау көшкіні орын алуы мүмкін. Кейбір аудандар мен ауыл тұрғындары жедел түрде қауіпсіз аймаққа көшірілді. Шартарапқа Сүндет Оралбеков шолу жасады.
Измирдің Мендерес ауданында екі топ арасында қарызға байланысты туындаған жанжал қарулы қақтығысқа ұласты. Оқиға дәмханалардың бірінде болған. Жергілікті тұрғындардың үрейін тудырған қақтығыста 5 адам қаза тауып, 2 адам жараланды. Тәртіп сақшылары болған жайтқа байланысты тергеу жүргізуде.
Конго Демократиялық Республикасының шығысындағы Оңтүстік Киву провинциясында болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 438-ге жетті. Екі күн бұрын Бушушу мен Нямукуби ауылдарында жауған нөсер жаңбыр салдарынан Чибира өзені арнасынан тасыған. Үкімет өкілі Патрик Муйайяның айтуынша із-түзсіз жоғалғандар саны 4 мыңнан асады. Оларды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Әлемнің ең бай адамдарының бірі Илон Маск "TWITTER" компаниясы басшылығынан кетеді. Ол өткен жылдың желтоқсанында мансабына байланысты твиттерде сауалнама жүргізген. Оған шамамен 17,5 млн адам қатысып, 57,5 проценті Масктің қызметінен кетуін құптаған. Әзірге компанияны нақты кім басқаратыны белгісіз. Бірақ, әйел адам болатынын мәлімдеді.
Илон МАСК, АМЕРИКАЛЫҚ КӘСІПКЕР, МИЛЛИАРДЕР:
Мен Twitter-ге жаңа бас директорды жұмысқа алғанымды қуанышпен хабарлаймын. Ол шамамен алты апта ішінде жұмысын бастайды.
Швейцариядағы Граубюнден ауылының тұрғындары шұғыл көшіріледі. Таулы өңірде орналасқан осы елді мекенге тас құлауы мүмкін. Онда 100 шақты адам тұрады. Құтқарушылардың хабарлауынша, тау жыныстарының қозғалысы кейінгі кезде үдей түскен. Болжам бойынша алдағы 2-3 аптада тау көшіп, 2 млн текше метрдей жер жылжуы мүмкін. Мамандар бұл климаттың өзгеруінің салдары дейді.