Русский Сайттың толық нұсқасы

Фермер соттың шешімі орындалмай отырғанына наразы

Қарағандылық фермер Юрий Попандопуло рейдерлер тартып алған жері мен мүлкін 4 жылдан бері қайтара алмай жүр. 400 миллионға бағаланған активтерінен айырылып қалған. Әділдік іздеген ол Астанаға келіп, журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді.

Юрий Попандопуло 10 жылдан бері шаруашылықпен айналысады. Кәсіпорынның меншігінде Осакаров ауданы Тельман ауылдық округіндегі жайылымдық, егістік және шабындық жерлер бар. Айтуынша, 2016 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның бизнесін досы, әрі серіктесі өз атына аударып алған. Жалпы сомасы 400 миллион теңгені құрайды екен.

Юрий ПОПАНДОПУЛО, ФЕРМЕР:

Ол маған тергеу изоляторына келіп, кәсіпте қиындық туындамауы үшін салық басқармасына есеп беру қажеттігін айтып, бос парақтарға қолымды қойдырып алды. Кейін мен өзімнің барлық дүние-мүлкімнің ұрланғанын естідім. Ол менің меншігімдегі техника, мүліктік кешен, жер телімдерін барлығын алып кеткен болып шықты.

Адвокатының айтуынша, оның қорғауындағы азаматтың шағымы сот отырыстарында дәлелденіп, шешім шығып қойған. Бірақ жергілікті салық органдары мен прокуратура бұл іске араласып, сот шешімінің орындалуына тосқауыл болып отыр дейді.

Шабангелді Казенов, АДВОКАТ:

Қазір прокуратура «Арыстан ПиК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тіркеуін жарамсыз деп тануды талап етуде. Яғни, төрт жыл бойы қылмыстық іске қатысу кезінде прокуратура ешқандай заң бұзушылықты көрмеген. Ал біз соттарда заңды түрде жеңгенде, рейдерлер ұрланған мүлікті қайтару керектігін түсінді, сол кезде прокуратура органдары екі кәсіпкер арасындағы дауға араласа бастады. Егер серіктестік жойылса, мүлікті қайтаратын да ешкім қалмайды.

Қорғаушының айтуынша, осы іс бойынша Бас прокуратура Жоғарғы сотқа шағымданыпты.