Русский Сайттың толық нұсқасы

Келіннің сәлем салуы шариғатқа қайшы ма?

Келіннің сәлем салуы харам боп саналады. Әлеуметтік желіде осындай жазба тарады. Бәзбіреулер иіліп сәлем беруді Аллаға серік қосу деп есептейді. Сонда бағзыдан келе жатқан салт-дәстүрді ұстайтындардың бәрі адал жолдан адасқандар ма? Аружан Задабек тараптар пікірін тыңдады.

«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсеткен дана халқымыз сыйластықты бірінші орынға қойған. Сәлем салу -осының нақ дәлелі. Десе де, соңғы жылдары желідегі кейбір «ақылшылар» келіннің иіліп сәлем беруі шариғатқа қайшы - дейді. Мұны адамға табынушылық деп ұғатындар да бар. Жалпы жұрт көшеге орамал тағып, үлкенге иіліп сәлем салған келіншекті көргенде қандай күйде болады екен, көрейікші.

Бұл эксперимент иіліп сәлем беру адамдарды жақындастыратынын көрсетті. Бірі - жылы жүзбен ізгілікті көрсетті, енді бірі танымаса да құшағын жайды. Осыдан кейін тұрғындардың сәлем салуға деген көзқарасын сұрадық. Ақ жаулықты аналар тәжірибесімен де бөлісті.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қызылордада сәлем салу бар ма? - Бар. - Қалай сәлем салады, көрсетіңізші. - Былай саламыз.

- Оңтүстікте қалай сәлем салады? - Былай саламыз.

- Сәлем саласыз ба? - Иә. - Қалай саласыз? - Былай.

- Қай жақтың келінісіз? - Көкшетау. - Сәлем саласыз ба? - Жоқ.

- Жетісайдың келіні. - Сәлем саласыз ба? - Иә, саламын. - Қалай? - Былай

- Сіздерде сәлем салу бар ма? - Иә. - Қалай саласыз? - Былай.

Тарихшы Жомарт Жеңіс сәлем салудың тамыры тереңде жатыр дейді. Оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйластықтың тұрғанын айтады. Иілген келінге үлкендердің "Өркенің өссін", "бақытты бол", "көп жаса" деп жауап қатуының өзі бұл салт-дәстүрдің маңыздылығын көрсетеді.

Жомарт ЖЕҢІС, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Кейбіреулер «сәлем» деген сөздің мағынасына қарап, арабтармен, ислам дінімен байланыстырады. Бірақ бұл сәлем беру бізге исламнан бұрын да, сонау баяғы бағзы замандардан бері сәлем беру, амандық саулық сұрау қазақтың дәстүрінде, әдет-ғұрпында, салтында бар нәрсе.

Енді мәселеге шариғат тұрғысынан қарайық. Сәлем салу, дінге қайшы ма?

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам, Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балап, елдің шырқын бұзу әсте дұрыс емес.

Келіннің иіліп сәлем салуы – қазақтың имандылығы, ибалылығы мен асылдығынан, үлкенді құрметтеп, кішіге ізеттілік көрсетуінен туындаған. Мамандар «Аллаға ғана сыйыну керек» деп жүргендер сыйыну мен сыйлауды ажырата алмайтындар – дейді. Құрметтеуді ұмытып, Алланың ең қаламайтын ісі – тәкаппарлыққа бой алдырып жататынын айтады. Ал, оларға сену «сауатсыздықтың» белгісі деп санайды.