Елімізде көкөніс бағасы арзандаудың орнына қымбаттап барады. Басты себеп - сақтайтын қоймалардың тапшылығы. Төленетін субсидия мардымсыз. Ауылшаруашылық саласындағы осы секілді өзекті мәселелер бүгін Түркістанда өткен Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің көшпелі отырысында сөз болды. Жиында көкөніс шаруашылығы саласы мен суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Айта кетейік, оңтүстік өңірде биыл қыс қатты болды. Әсіресе жылыжай шаруашылықтары үлкен шығынға ұшырады. Салдарынан жылыжайы көп күнгейдің өзінде көкөніс бағасы арзандамай тұр. Шығын көп деген шаруалар несие өтеу мерзімінде демалыс береміз деген уәде сөз күйінде қалды деп шырылдады. Диқандар минералды тыңайтқыштардың да қымбаттап кеткенін көлденең тартты. Көмір де қат.
Данияр ҚАЛТАЕВ, ШАРУА:
Қазір біз көмірдің болмау себебінен екінші айналымға егеміз ба, екпейміз ба деген сұрақ туындап тұр бізде. Ал Шұбаркөл көмір олар бізге бермейміз дейді. Коммерциялық бағамен алыңыздар дейді. Ол баға өте қымбат баға. Ол өз кезегінде қымбатшылыққа алып келеді.
Аймақта коммуналдық тарифтердің бағасы да қымбат. Оңтүстіктегі шаруалар үшін ағын су да өзекті мәселе. Кейбір каналдар жекенің меншігінде болып, жөндеу көрмесе, мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінгендерінің өзі сапасыз. Салдарынан егістік алқаптарына су жетпей жатыр. Тіпті басталған жұмыс аяқсыз қалды деп мәселе көтерді кәсіпкерлер. Күнгейлік диқандарды мазалаған мәселеге құлақ түрген мәжілісмендер проблеманы шешуге атсалысатындарын жеткізді.
Болатбек НӘЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің мақсатымыз миссиямыз осы жергілікті жерді тыңдау. Жергілікті жерде тыңдағанда әкімдікке көмектесу. Орталықтағы мемлекеттік органдардың түгел бәрін айтып мына жерде сендердің істегендерің дұрыс емес екен, мыналарды осындай ғып шешу жолдары бар екен, қайтадан қараңдар деген ұсыныстарды енгізуіміз керек. Ал енді оларды енгізбесе онда біз оны үкімет басшысынан талап етеміз.