Русский Сайттың толық нұсқасы

Бокстан әлем чемпионаты: ел қоржынына алғашқы алтын түсті

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2023
  • 1900

Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында қазақстандық Санжар Тәшкенбай алтыннан алқа тақса, Дулат Бекбауов күміс медаль иеленді.

Ақтық сында Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта грузиялық Сахил Алахвердобимен алтын жүлдені сарапқа салды.

Бірінші раундта төрешілер түгелдей С.Тәшкенбай басым деп тапты. Екінші кезеңде Санжар сол басымдылығын сақтап қалды. Қорытынды есеп – 5:0.

Сөйтіп Санжар Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды салды.


Ал Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджиевпен қолғап түйістірді.

Алғашқы раундта өзбекстандық боксшының соққылары дәлірек тиді – 5:0. Екінші кезеңде бес төрешінің төртеуі А.Муйдинхуджиевке басымдық берді. Үшінші раундта да өзбек боксшысы басым түсті. Қорытынды есеп – 5:0.

Айта кетейік, бүгін тағы үш боксшымыз алтын жүлде үшін таласады. Махмұд Сабырхан (54 кг) мен ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) өзбекстандық Ойбек Джураев, Саиджамшид Джафаровпен, ал Нұрбек Оралбай (80 кг) қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатханмен рингке шығады.