Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Шығыс Қазақстанның жергілікті өнімдеріне сұраныс артты

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2016
  • 2810

Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының экономикалық байланыстары жаңа белеске көтерілді. Биыл Даниял Ахметов басқарып отырған аймақтан оңтүстіктегі ірі мегаполиске 32 мың тонна азық-түлік жеткізілген. Бұл өткен жылға қарағанда өнімнің 10 пайызға артық жеткізілгенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Алматы қаласына арнайы келген шығыстағы өнім өндірушілердің өздері мәлімдеді. Кәсіпкерлер жергілікті өнімдерді Алматының ірі сауда желілеріне жеткізіп, сол жерден саудалауға мүмкіндік алып отыр.

Даниял Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бірқатар өндіріс нысандары республикалық маңызы бар ерекше кәсіпорындар санатында. Біз олармен мақтана аламыз. Ал Алматы қаласы олар үшін алып нарық. Бұл жердегі тұтынушының талғамы да жоғары. Сондықтан біздің өндірушілер сол үдеден шығуға тырысады. Әлемдік деңгейдегі сапалы өнімдерді тұтынғандықтан, біз де соған сай болуымыз керек.

Алматымен тікелей сауда-саттық орнатқан 19 шығысқазақстандық кәсіпорынның жетекшісі арнайы форумда өз пікірлерін ортаға салды. Қала билігі алыс аймақтан жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің тұтынушы арасында сұранысқа ие екенін айтады. Олардың арасында қала тұрғындары сүт өнімдерін, консервілер, жартылай піскен өнімдер, шұжық және араның балын көп сатып алады екен. Сондай-ақ Алматы мен Өскеменнің ауыр өнеркәсібі де тығыз алыс-беріс орнатқан. Шығыс Қазақстан кәсіпорындары автокөлік, құрылыс материалдары мен киім-кешек жеткізу жағынан өзге өңірлерге қарағанда алдыңғы сапта тұр, дейді өндірушілер.

Бекболат Жаманғалинов, кәсіпкер:

Алматылық бизнесмендердің Шығыс Қазақстандағы өнімдерге көзқарасы ерекше. Былтырғы көктем, яғни 2015 жылмен салыстырғанда, біздің өнімдердің сатылымы 7 есеге өсті. Бүгінгі жиыннан кейін Алматы бизнесмендерімен арадағы сауда тағы да еселенеді деп жоспарлап отырмыз. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ