Елде 4 жарым миллион адам баспанаға мұқтаж. Айлық аз, жағдай жоқ, тұрғын үй бағасы шарықтап барады. Қолжетімді ипотекалық бағдарлама жоқтың қасы. Сол себепті «7-20-25» бағдарламасы бойынша бөлінген 100 миллиард теңге халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге жетпейді дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі. Айтуынша, банктер жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты халыққа тиімсіз коммерциялық ипотекаларды ұсынады. Сондықтан бұл бағдарламаға жыл сайын 1 триллион теңге бөлу керек, немесе соған ұқсас шарттармен басқа тиімді бағдарлама әзірлеу керек деген ұсыныс білдірді.
Бейсен ЖОЛБОЛДИЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бізде бизнесті субсидиялауға бағытталған көптеген бағдарлама бар. Осы соманы тікелей бөлмей-ақ, екінші деңгейлі банктерге жылына 1 трлн теңгеден бағыттап отырса дұрыс болар еді. Ал қазір бір жылға 100 млрд теңге ғана болғандықтан бір сәтте жоқ болып кетіп жатыр. Екінші деңгейлі банктерге субсидияға бөлетін болса, 90 млрд теңге ғана қажет болады. Қалғанын банктер өзі берер еді. Жалпы бұл бағдарламаны стратегиялық тұрғыда қайта қарау керек, немесе осы ипотекалық бағдарламаға балама енгізу қажет.
Елде сұраныс аз болғандықтан, құрылыс нарығы тоқырау алдында тұр. Кейбір кұрылыс компаниялары жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Яғни, онда еңбек етіп жатқандардың жартысы жұмыссыз қалуы мүмкін дейді Құрылысшылар одағының төрағасы. Бір ғана Астана қаласы бойынша құрылыс саласында 80-100 мың адам жұмыс істейді.
Талғат ЕРҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Құрылыс саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етеді. Сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамту бойынша көшбасшы болып табылады. Қазақстанның құрылыс нарығы тоқырау алдында. Бұл секторында қызмет етіп жатқан жұмысшылардың 50% қысқаруы мүмкін.