Қазақстанда мектеп бітіруші түлектердің негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуі басталды.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев тестілеуге қандай заттар алып кіруге болатынын тағы бір рет түсіндірді.
«Әлі күнге дейін ҰБТ тапсырушылардан Direct пен пікірге тестілеуге өзіммен бірге калькуляторды алып келсем бола ма деген сұрақтары келіп жатыр. Сондықтан бұл туралы ҰБТ алдында тағы бір мәрте естеріңізге сала кетсем.
Тестілеуге жеке куәлік, қалам, су және шоколадтан басқа ешнәрсе алып келуге болмайды. Сіздерге тестілеу компьютерінде математика, математикалық сауаттылық, физика, химия, информатика, география, биология пәндері бойынша электронды калькулятор ұсынылады», - деді Руслан Емелбаев.
Ол сондай-ақ компьютер экрандарында Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері, Бекетов қатары қолжетімді болатынын айтты.
«Ал түлектердің қалауы бойынша Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелерінің қағаз нұсқаларын өзіміз шығарып, қолдануға береміз. Бәрі сіздер үшін жасалып отыр, алайда академиялық адалдық туралы да ұмытпаған жөн», - деп ескертті ҰБТ орталығының басшысы.
Айта кетейік, биыл негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады.
Мектеп бітіруші түлектерге екі рет сынақ тапсыруға мүмкіндік берілді. Бейіндік тақырыптар бірдей болуы керек. Жоғары оқу орындарындағы бюджеттік орындарға үміткерлер арасындағы байқауда үздік нәтиже есепке алынады.
Тестілеу күнін, уақытын және орнын үміткерлер өздері таңдайды.
Наурыздағы ҰБТ қорытындысы бойынша тестілеудің орташа көрсеткіші 136 балдан 70-ті құрады. Оған 111 000 түлек қатысты.