Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде 3 қазаннан тұмауға қарсы екпе жұмыстары басталады

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2016
  • 3562

Қазақстанда жыл сайын жіті респираторлық аурулар мен тұмаудың 1 миллионға дейін жағдайлары тіркеледі. Бұл халықтың 10 пайызын құрайды. 3 қазаннан бастап елде тұмауға қарсы жаппай иммундау компаниясы басталады. Вакцина сапасы мен бағасы қандай? Айбек Қосан сабақтайды.

Бұл батпандап кіріп, мысқылдап шығатын ауру. Кісі өлімін болдырмас үшін биыл Ресейден жаңа вакцина алынған. Бас санитар оның сапасын алғашқы болып өзі сынап көріпті.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

Вакцинаның жаңа түрі қолданылады. Вирустың А типінде Гонконг, ал Б түріне Брисбен штаммы. Тұмаудың жаңа түрі пайда болса, келесі маусымға оған төтеп бере алатын нұсқасына тапсырыс беру үшін, біз үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Мысалы, былтыр Алматы облысында 2 , Ақмола облысында 1 оқиғаның соңы  өліммен аяқталған. Анықтала келгенде, бұл өңірлерде вакцинациялаудың көрсеткіші төмен болған.

Жаңа вакцинаны бүгін жүкті әйел Айгүл Балғожина да алды. Күз уақытында тұмаудың асқына түскенін ескеріп, бірден емханаға бет алған.

Айгүл Балғожина, қала тұрғыны:

Вакцинация өзімнің денсаулығыма жақсы болатынын, болашақ баламның денсаулығына жақсы болатынын айтты. Инесі жіп-жіңішке болғандықтан, ауыртқан жоқ. Салдырдым. Басында қорыққан едім. Қазір жақсы болып жүрмін.

Республика бойынша вакцинациялауға барлығы 1 млн 300 мың адам, бұл санаттың 99 мыңы жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар азаматтар. Сонымен қатар жиі ауыратын 500 мың бала мен медициналық қызметкерлер жатады.  Дәл осы осал топты қамту үшін мемлекеттік бюжжеттен 1 млрд теңге бөлінген. Қалғандары үшін екпе ақылы.

Жандарбек Бекшин, ҚР бас санитарлық дәрігері:

Экономикалық тұрғыдан ауырудың өзі тиімсіз. Егер ауруханаға жатып емделсеңіз, мемлекет қаражатынын 80 мың теңге жұмсалады, ал үй жағдайында кем дегенде 20-25 мың шығынға батасыз. Гриппол вакцинасы шамамен 2400 теңге тұрады, ал инфлювак болса, 3500-4000-ның айналасында.

Бүгінде вакциналар ауыл-аймақтарға жеткізілген. Қазанның 3-інен бастап екпе жұмыстары барлық жерде басталады. Бір байқағанымыз, Бас санитар бағасы 2400 деген екпе Ақтөбеде арзан болып шықты.

Гүлжанат Бұқарбаева, Ақтөбе облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті бөлімінің бас маманы:

Кез келген адам вакцинаны ақылы түрде ала алады. Өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге, емдеу мекемесіне барып ақылы түрде ала аласыз. Гриппол вакцинасының ақысы қазір 1500 теңге көлемінде.

Айбек Қосан, тілші:

Соңғы мәлімет бойынша өткен жылы жоғары респираторлы вирустық инфекция мен тұмауға шалдыққандардың саны 55 мың, асқынып пневмонияға ұласқан жағдайлар 11 мыңды құраған. Осы жайттарды ескере отырып, мамандар маусымдық егілуді ұмыт қалдырмауға шақырды.