Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда 100-ден аса адам көлік жөндетем деп алданып қалды

Алматыда 100-ден аса адам техникалық жөндеу орталығына алданып қалған. Жарқын жарнамаға сеніп, көлігін жөндетуге бергендердің бірі мәшинесінің бөлшектерінен айырылса, енді бірі оны қайта маманға көрсетуге мәжбүр. Бірі көлігін, бірі ақшасын қайтара алмай жүргендер бүгін орталыққа тәртіп сақшыларымен бірге барды. Әйкерім Пернебек толығырақ айтады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Мына жерде көлік тізіліп тұр. Бұл ТЖО бірнеше жыл бойы қарапайым халықтың көлігін жөндеуге алып, оны өз пайдасына жаратыпты. Зардап шеккендер саны күннен күнге артуда.

Гүлнара Тайқұлақова жөндеу орталығының жарнамасына еріп 2020 жылы көлігін толық бояуға қалдырған. Алайда 3 айда бітпеген соң, шыдамы таусылып, алып кетіпті. Ал машинасының жайы адам шошырлықтай. 300 мың теңгеге боятам деп жүріп, 750 мың теңге шығынға ұшырадым дейді. Алдын ала төлеген ақшасын да қайтара алмай жүр.

Гүлнара ТАЙҚҰЛАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Инстаграмда біз реклама бойынша тауып алдық бұл СТО-ны. Мен айттым қанша күн жасайсыңдар жөндеуді ол айтты 1 айдың ішінде қайтарып береміз деп. Мына жерге қол қойшы дедім да, қойып қойды. Машинам қалай тұрды далада солай тұрды 3 ай. Қазанда мен машинамды эвакуатормен алып кеттім. Полностью разобранная машина болған, бамперін әрең тапты.

Жөнделмеген көліктерді олар жасырын тұраққа апарып тастаған көрінеді. Зардап шеккендер өзінікін танып, алып кетіп жатыр. Ал жарнамасы жер жарған орталыққа алданып жатқандар әлі де көп.

Меруерт ШӘМШИТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алдын ала 100 пайыз алады екен акция бойынша, бірақ ешкімге ештеңе қайтармайды. Жасамайды да. Осы блогерлердің арқасында осындай көп адамдар бізге жазып жатыр группамызға. Машина екі рет жасауға тура келді басқа жерде. Басқа СТОға мен екі есе ақша төледім.

Зардап шеккендердің заңгері бұл жағдай азаматтық іс пен қылмыстық істің ортасында тұр дейді. Басты мәселе кәсіпкер барлық келген тұтынушылармен келісімге отырады. Шарт бойынша оларға бірден толық мөлшерде ақша аударылу керек, ал қызмет жасау уақыты көрсетілмеген.

Нариман ЗАКИРЯНОВ, ЗАҢГЕР:

5 жыл ішінде 150-ге жуық жәбірленуші болды. Олардың жартысы істің созылып кеткенінен шыдамай, істі жалғастырмай кетсе, енді бір тобы әлі де күресті жалғастырып, әділдікті күтуде. Біз барлық құзырлы органдарға жүгінгенбіз. Алайда олар әрекетсіздік танытып келген. Әрине құзырлыларға бұл істе тергеу жүргізбеу үшін азаматтық деп қоя салу оңай болып тұр. Алайда ТЖО-ның басында бірнеше айып бар, салық жағынан, адамдарды қорқытып-үркіту фактісі бойынша да, алаяқтық та бар. Оған толық тексеріс керек.

Айбол есімді жөндеу орталығының иесімен хабарласқанда ол қалада емеспін деді. Сондықтан онымен ешкім тілдесе алмады. Сондықтан жиналған жұрт орталық мамандарынан жауап сұрады. Бірақ, олар да бастарын ала қашты.

Қанат ӘБДІҒАЛИЕВ, ТЖО ЖҰМЫСШЫСЫ:

Документальный ешқандай администратор емеспін. Маған ешкім машина өткізген жоқ біріншіден, екіншіден бұл ТОО ма ИП ма білмеймін, кімнің атында сіздер соған барып айтыңыздар. Мен оны білмеймін, сіз оны басшыдан сұрайсыздар.

Алматы қалалық полиция Департаменті бұған қатысты іс қозғаған. Тергеу жүріп жатыр.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ағымдағы жылдың сәуір айында полицияға ұжымдық арыз келіп түскенін хабарлайды. Тергеудің қазіргі кезеңінде қылмыстық іс бойынша 14 адам жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық іс объективтілік, толықтық және жан-жақтылық қағидаттарының талаптары ескеріле отырып тергелуде және Алматы қалалық ПД-нің басшылығының бақылауында.

Алаяққа алданып, бірнеше жыл бойы ақшасын қайтара алмай жүргендер мен көлігінен айырылғандар тергеудің әділ болуын қалайды. Оған қоса басқа адамдар да құрыққа түспес үшін жөндеу орталығын жауып тастауды талап етіп отыр.