Жеті баласы бар аналар ай сайын жүз мың теңгеге жуық жәрдемақы алады. Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 135,4 млрд теңге жәрдемақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 540,7 мың отбасы қамтылды, оның ішінде сәуір айында 548 мың отбасына 34,3 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.
Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасыларындағы:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде.
Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артқанын атап өтеміз.