Русский Сайттың толық нұсқасы

Сингапур Қазақстанға 1,4 миллиард доллардан астам инвистиция құйған

Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық байланысқа биыл 30 жыл. Мерейтой қарсаңында Сингапур президенті Қазақстанға келді. Бұл – Халима Якобтың елімізге алғашқы мемлекеттік сапары. Тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін қозғады. Екі ел қатынасының қазіргі жай-күйі мен перспективасы жан-жақты талқыланды.

«Ақорда» резиденциясында Сингапур Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, көшбасшылар суретке түсті.

Халима Якоб- Сингапур президенті болып сайланған алғашқы мұсылман әйел. Ол 2017 жылы ел тізгінін қолға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев оның қиын кезеңде көшбасшы қызметіне келгенін айтып, зор ілтипат білдірді. Қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық артқанын айтты. Қазір елде 140-тан аса сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асты. Экономикалық қиындықтар мен пандемияға қарамастан, былтыр өзара сауда-саттық көлемі 2 миллиард долларға жуықтады. Бұл өте жақсы нәтиже деп санаймын.

Биыл Қазақстан мен Сингапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттер арасында ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Мұны Сингапур президенті де жоғары бағалайтынын айтты.

Халима Якоб, СИНГАПУР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – өте маңызды сапар. Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады.

Расында да, бұл-өте маңызды сапар, Сингапур Президентінің Орталық Азияға алғашқы сапары. Соның ішінде бірінші болып Қазақстанға келуі – қос мемлекет арасындағы мықты байланысты көрсетеді. Халима Якоб осы арқылы қазақ жерін қалай сыйлайтынын көрсетті дейді сарапшылар.

Мирас ЖИЕНБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

Сингапур басшысының елімізді көшбасшы ретінде танып бірінші Қазақстанға келуі – зор құрмет. Сингапур -Қазақстанның ірі сауда-инвестициялық серіктесі. Сонымен қатар, мемлекет пен қоғам дамуының маңызды моделі. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас дамып келеді. Бұл - жақсы көрсеткіш.

Кездесуде мемлекет басшылары экспорт мүмкіндіктерін кеңейту, бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыруды көздейтіндерін жеткізді. Қос мемлекет арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде келіссөз жүргізді. Бірқатар маңызды құжаттарға қол қойғаннан кейін, Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Президенті Халима Якобқа I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Сингапур Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.