Елімізде жыл басынан бері 50 миллион литр алкоголь сатылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 50 процентке көп. Сәйкесінше, ащы суға еліккендердің қатары көбейген. Көшеде арақ ішіп, теңселіп жүргендерге жұрттың көзі де үйренген. Әріптесім Аружан Задабек эксперимент жасады. Көрейік.
Қазір ішімдікке мас болып, жүрегі тас боп кеткендер жетерлік. Баланы емес бөтелкені құшақтаған адамды жиі кездестіреміз. Тіпті, қисаңдаған адамның перзентін желкелеп, ұрып жатқанын көрсек те таң қалмаймыз. Ал қоғам баламды ащы суға айырбастаймын деген әйелді көрсе не дер екен?
«Баламды сатамын» деген маскүнем ананың әрекеті біраз адамды таңқалдырды. Жүректері елжіреп, ішімдікті серік еткен әйелді ақылға шақыруға тырысты. Бұл әлеуметтік эксперимент екенін айтқан сәтте көзіне жас алды.
- Неге жылап тұрсыз? – Жүрегім ауырып кетті.
- Құлыным-ау сол, баланың жазығы қанша?! Сондай көңілім бос осы.
- Уже заявление жазып жатырмыз. «Келіңіз, мына қыз баланы сатайын деп жатыр» деп. Шошып кеттім.
- Это ужас. Ребенка за 300 тенге! Мы милицую вызвали.
Тасжүрек ананың рөліне кіру маған да оңай болмады. Ал бір сәт тастанды баланың күйін кешкен Фархаттың алған әсері қандай?
Фархат ЖОМАРТ:
Қиын болған жоқ. Шамалы кезде адамдар алып кетемін деген кезде, сол кезде жылағым келіп кетті.
Елімізде алкогольге тәуелді 90 мың адам есепте тұр. Бұл – ресми мәлімет. Тіркелмей, көше кезіп жүргені қанша?!
- Сіз қайда тұрасыз?
– Мен ба? Неге керек сізге?
– Неге айқайлап жатсыз?
– Айқайлаймын.
– Үйіңіз қайда? Отбасыңыз қайда?
– Мен тұратын жерім бар.
– Онда неге бұл жерде отырсыз?
– Отырамын, неге отырмаймын? Отыруға болмай ма?
– Анда-мында отыруға болмайды.
«Бөтелкелесім үшін бәрін беремін» деген бір топ маскүнемнің ортасына түстік. Көшенің қақ ортасында сыраны сіміріп отырғандарға өз өмірі ұнайды. Әзірге сауығып, жаңа өмірге қадам басуды көңілдері құп көрмейді.
- Оңалту орталығына барасыз ба?
– Жоқ, семьям бар ғой!
Мас болған адам есін жоғалтады. Не істеп, не қойғанын аңғармайды. Елордада былтыр 767 адам ащы сумен арпалысып қылмыс жасаған. Ал биыл бұл көрсеткіш артпаса, кеміген жоқ.
Нұралы ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АСТАНА қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Маскүнемдік пен қылмыс бір-бірімен тығыз байланысты. Алкоголь ең алдымен адам психикасына кері әсерін тигізіп, жағдайға сай көзқарастан айыратындықтан, бұл қылмыстар қисынсыз және қатыгез болып табылады. Көбінесе маскүнемдер адам өлтіру, дене жарақатын салу, зорлау, ұрып-соғу әрекеттеріне барады.
Қазақстан алкогольді көп тұтынатын елдердің қатарына кірді. Жыл басынан бері елде 21 миллион литр арақ пен 8 миллион литр коньяк сатылған. Газды және газсыз шараптар да өткен жылмен салыстырғанда көп саудаланыпты. Сатып алушылардың саны бақандай 50 проценке өскен. Бұл – ұлттық статистика бюросының мәліметі.