Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда газгольдер жарылып, 3 адам ауыр жарақат алды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2016
  • 2713

Қызылжар төңірегіндегі Борки кентінде газгольдер жарылып, 3 адамның денесін күйік шалды. Қызмет көрсету компаниясының жұмысшысы жер астында тұрған газгольдерге көгілдір отынды құйып жатқан кезде оқыс оқиға орын алған. Сұйылтылған газ жиналатын алып баллон сол заматта атылып кетеді. Жарылыстан осы маңда қоршау қалап жатқан жұмысшылар зардап шекті. Оқиға орнынан тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Өрт мына коттедждің маңында орналасқан газгольдерден шыққан. Куәгерлердің айтуынша, газ тасымалдау компаниясының жұмысшысы үлкен цистернаны газға толтырып жатқан кезде от лап ете түскен. Құтқарушылар көбіктің көмегімен ғана жалынды ауыздықтай алды. Құдықтың бетін жабуға мүмкіндік болмаған соң, төтенше жағдай қызметкерлері пропанның көзін бітеп тастаған. Қазір олар өрттің себебін анықтауға кірісті.

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД мемлекеттік тіл мен ақпарат тобының маманы:

Өрт маңайда тұрған үйлер мен ағаштарды да шарпуға шақ қалды. Жалынды сөндіруге бір сағаттай уақыт кетті. 5 бірлік техника мен 22 маман жұмылдырылды. Әзірге өрттің нақты себебін айта алмаймыз. Мұнымен арнайы комиссия айналысып жатыр.

Оқыс оқиғадан соң үш адам ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайын ақ халаттылар «ауыр» деп бағалап отыр. Екі адам жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Ал үшіншісі жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде.

Уәли Бедешев, №3 қалалық аурухананың травматолог-ортопед дәрігері:

Қос пациентті екінші деңгейлі, ал тағы біреуін үшінші деңгейлі күйік шалған. Сырқаттардың беттері, денелері, қолдары мен аяқтары  күйген. Олардың жансақтау бөлімінде қанша уақыт жататыны белгісіз.

Газ тасымалдаушы компанияның өкілі жарақат алғандарға материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Олар да әзірге өрттің нақты себебін айта алмай отыр.

Андрей Усатов, «Алыс газ» ЖШС директорының орынбасары:

Төтенше жағдайлар департаменті мен полицияға түсініктеме жазып бердім. Қазір тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл газгольдер біздің иелігімізде емес. Оған тек газды құйып кетеміз. 16 жылдың ішінде мұндай оқиға бірінші рет тіркеліп отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Өрттің шығуына не себеп болғанын ешкім дөп басып айта алмай отыр. Ішкі істер бөлімі мен төтенше жағдай департаменті тексеріс жұмыстарын қолға алған. Алғашқы қорытындылар шамамен бір-екі аптадан кейін белгілі болады, - дейді құзырлы орган өкілдері.

А.ҚҰРМАНКИН