Алимент
төлеу мәселесін қарастыратын заңдарды күшейту керек. Түрлі шараларға
қарамастан, баласына тиесілі қаржыны төлемейтін безбүйрек ата-ана көбейген. Бұл
туралы Бас прокуратурада өткен құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің
отырысында айтылды.
Қазақстанда алимент үшін қарыз
мөлшері 2 миллиардқа жуықтаған. Ол аздай соңғы 5 жылда 200 мыңға тарта
отбасының шырқы бұзылыпты. Бұл - шаңырақ көтерген әрбір 3 отбасының біреуі
ажырасқан дегенді білдіреді. Өкініштісі сол, елімізде дүние есігін ашқан әр 5-ші бала некесіз туылады екен. Салдарынан бүгінде 350 мыңнан астам бала
алиментке жалтақтап отыр. Соңғы 3 жыл көлемінде алиментке қарызы бар 13 мың
адамға шет елге шығуға тиым салынған, алайда, бұл да нәтиже бермеді. Шет ел асқыштар өз балаларына
тиесілі қаржыны беріп, қарызынан құтылуға асықпаған.
Жақып
Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Біз
алимент төлемегені үшін өлім жазасына кесейік деп отырғанымыз жоқ. Алайда,
күштеп еңбекке жұмылдыру тәсілі аз да болса өз септігін тигізеді деген сенім
бар. Алимент төлемейтіндер ұсынылған жұмыстан бас тартса, біз оларды сотқа бере
аламыз. Сондай-ақ қоғам өз баласынан безінгендерді білуі керек. Олар жағасы
жайлауда жүре бермей, жауапкершілікті сезінетіндей жағдай жасауға тиіспіз.
Қадағалаушы
орган алимент бойынша берешегі барларды 3 топқа бөлген. Алғашқысы баласына
көмек қолын созуға ниетті, бірақ екі қолға бір күрек таппай жүргендер. Екіншісі - қызметі
бар, жағдайы жақсы, бірақ айлығын азайтып көрсетіп, борыштан жалтарғандар. Және
соңғы топ - ішімдік пен нашақорлыққа салынып кеткендер. Ер адамдардың балаға
алимент төлемеуіне көбіне бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы текетірес себеп
болатынға ұқсайды.