Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2023
  • 844

ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Шешім Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негізінде қабылданды.

«Сыртқы ортаның проинфляциялық қысымы бәсеңдеп келеді. Әлемдегі инфляция, атап айтқанда, сауда-серіктес елдердегі инфляция қуат көзі мен азық-түліктің әлемдік бағасы төмендегендіктен, баяулай бастағынын көрсетіп отыр. Тұрақты нақты айырбастау бағамы аясында сыртқы бағалардың мейілінше баяу өсуі елдегі инфляцияның бәсеңдеуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазақстанда проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тұрақты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының өсуі мен күтілетін тұрғын-үй коммуналдық қызмет (ТКҚ) тарифтерінің көтерілуі тарапынан сақталуда», - делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Осылайша, қазіргі уақытта сыртқы инфляция тарапынан қысымның әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы дезинфляциялық факторлар жағына аздап ығысты. Бұл 2022 жылғы қыркүйектен бастап инфляцияның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштердің баяулауын қоса алғанда, осы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлеменің біртіндеп және баяу төмендеуіне мүмкіндік тудыруы ықтимал.

«Жылдық инфляция 2023 жылғы сәуірде 16,8%-ға дейін баяулады. Инфляция құрылымында азық-түлік компоненті мейлінше тез қарқынмен баяулап келеді. Бұл ретте жылдық инфляцияның төмендеуі ЖЖМ бағасының өсуіне байланысты аздап қарқын алған азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуімен тежелді. Айлық инфляция 0,9% деңгейінде сақталып, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Алайда, 2022 жылғы қыркүйектен бастап базалық және маусымдық фактор ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері төмендеп отыр. Бұл инфляцияның тұрақты бөлігі мен проинфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреуін көрсетеді. Инфляциялық күтулер құбылмалы болып отыр. Сәуір айында алдағы бір жылға болжамдық инфляция 16,7% құрады (наурызда – 16,5%)», - делінген хабарламада.

Бұл ретте респонденттер бағаның өсу факторлары ретінде тұрғын-үй коммуналдық қызметтердің (ТКҚ) қымбаттауын, ЖЖМ мен дәрі-дәрмектер бағасының көтерілуін атап өтті. ТКҚ тарифтерінің жоспарлы көтерілуі мен ЖЖМ бағасының іс жүзінде өсуі халықтың болжамында ішінара көрініс тапты.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2023 жылға арналған болжам жақсара түсті. Биыл ЖІӨ 4,2-5,2% деңгейінде өседі деп күтілуде. 2024-2025 жылдарға арналған болжамдар 3,5-4,5% деңгейінде сақталады.

«Инфляция болжамының тәуекелдеріне фискалдық ынталандырудың күшеюін, ЖЖМ және ТКҚ бағасының өсуінен болатын жанама әсерлердің күшеюін, логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құрудың баға белгілеуге ұзақ әсер етуін, сондай-ақ инфляциялық күтулердің жоғары мәндерде қалу ықтималдығын жатқызуға болады. Жылдық инфляцияның болжамға сәйкес одан әрі төмендеуі, базалық инфляцияның тұрақты төмендеуімен қатар жүретін ЖЖМ және ТКҚ бағалары көтерілуінің жанама әсерлері бірқалыпты болуы, 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік қағиданың сақталуы орын алған жағдайда Ұлттық банк 2023 жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені сақтықпен және біртіндеп төмендету орындылығын бағалайтын болады», - делінген хабарламада.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 5 шілдеде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.