Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддер қаласындағы көпбалалы отбасы 5 баланы асырап алды

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2016
  • 2972

Бейбіт күннің батырлары. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тұратын отбасы мұндай атаққа әбден лайық. Соболевтер отбасында 4 қыз, 6 ұл өсіп келеді. 

Бұл үйде қазір барлығына орын табылады. Отбасының мұнда көшіп келгені кеше ғана. Әлі қоныс тойын да жасап үлгермеген. 2 жыл бұрын туысын ата-ана құқығынан айырған кезде, оның балаларын жетімдер үйінен алып кетуге дәл осы баспана мәселесі кедергі болған. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары, өздеріңде бес бала бар, бұларды қайда сыйғызасыңдар деп, рұқсат бермеп еді.

Марина Соболева, көпбалалы ана:

Бір әйел келіп, сізде бәрі дұрыс па деп сұрады. Балаларды асырай алмай жүргенімді айтып, ішімдегіні бір ақтарып  едім, сіз «Нұр Отанға» барсаңызшы, деп кеңес берді. Ондағылар менің жағдайымды бірден түсінді.

Партияның Риддердегі филиалында Марина мен Дмитрийге көмек сұрап жазған құжатын дұрыс толтырудың жолын көрсеткен. Олардың бұл ниетін жергілікті кәсіпкерлер естіп, 2 млн теңге жинап береді. Ол қаражатқа Соболевтер үй сатып алды. Келер көктемде қайта жөндеу жұмыстарын жүргізбек.

Марина Соболева, көпбалалы ана:

Мына жерді бөліп, ана бөлмеден кіретіндей етіп жасаймыз. Қыздардың жатар орны бөлек болғаны дұрыс. Ал мында ұлдарды орналастырамыз. Бізде екі жайылатын диван бар. Соза қалсаң, әп сәтте төсекке айналады.

Ересек балалар - үй шаруасына қолғанат. Қыс түскенше қораларды салып бітіру керек. Соболевтердің шаруашылығын кішігірім дей алмайсыз. 3 сиыр, ешкі мен қояндар бастап тұрған тізімде біраз үй жануарлары бар.

Евгений Соболев, үйдің үлкен ұлы:

Мұнда Маня мен Моня деген шошқалар тұрады. Анамыз оларға осындай атау берді, бірі кішкентай, екіншісі ірі болғандықтан. 

Отағасы Дмитрий өз қолымен отбасының барлық мүшелері сиятындай етіп үлкен дастархан жасаған. Алдағы жоспарда қосалқы шаруашылықты кеңейту мәселесі тұр.

Надежда Климова,  «Нұр Отан» партиясы Риддер қалалық филиалы төрағасының орынбасары:

Бұл көпке үлгі болуға лайық отбасы. Біздің қалада осындай жүрегі кең, ақ пейілді жанұяның бар екендігі қуантады. Балалар махаббат пен қамқорлықты сезіне жүріп өсуі тиіс.

Бала санының артуына орай Марина Соболеваның айналысатын үй шаруасы да көбейе түсті. Есесіне, балдырғандармен бірге шаңырақтың шаттығы еселеніп, бақыт пен риясыз қуаныштың көбейгені тағы бар.

Айбек ҚОСАН