Русский Сайттың толық нұсқасы

ҰБТ-2023: 50 талапкер тестілеуден шеттетіліп, 39-ы аудиториядан шығарылды

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2023
  • 1589

Биыл 50 ҰБТ тапсырушы телефон алып кіргені үшін тест тапсырудан шеттетілген, ал 39 талапкер тестілеу кезінде аудиториядан шығарылған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

ҰБТ басталғаннан бері 40 мыңнан астам адам тест тапсырған. Ұлттық бірыңғай тестілеуді талапкерлердің 70 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде және 50 үміткер ағылшын тілінде тапсырып, сәтті өткен. ҰБТ басталған кезден бері талапкерлердің 76 пайызға жуығы шекті баллды ала алған. Орташа балл мөлшері 68-ді құраған, ал ең жоғары балл – 137. Ең аз таңдалған комбинация - "Химия-Физика"

"Негізгі ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 5 шілдеге дейін өтеді. Естеріңізге сала кетсем, тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 305 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы "Математика-Физика" пәндер комбинациясын тапсырды. 14%-ы "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалатын комбинация – "Химия-Физика", оны 50 адам тапсырған", – деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Министрліктің мәліметінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқуға түсушілер үшін жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 108 талапкер қатысқан. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беруге болады Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады, деп қосты министрлікте. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестке қатысушының жеке кабинетінде қолжетімді болады. Сондай-ақ министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сенсек, бүгінде 50 талапкер смартфон, шпаргалка және т.б. тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылған. Өзге ереже бұзған тұлғалар анықталмаған. Айта кетейік, министрлік биылғы жылдың ұлттық бірыңғай тестілеуі аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетінін және тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылатынын ескертті.