Русский Сайттың толық нұсқасы

Жыл сайын темекіден сегіз миллион адам қайтыс болады - ДДҰ

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2023
  • 843

Темекі өнімдерін пайдалану салдарынан жыл сайын сегіз миллион адам көз жұмады. Соған қарамастан әлем үкіметтері темекі өндіруді қаржыландыруды тоқтатпай тұр. Бұл туралы 31 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні қарсаңында ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтарына сілтеме жасап.

Ол мемлекеттердің билігін миллиондаған адамға азық болатын пайдалы дақылдарды өсіруге шақырды.

Кеше, жұма күні ДДСҰ «Табак емес, тамақ өсіріңіздер» деген тақырыппен баяндама жариялады. Онда темекі өндірісінің жай-жапсары әшкереленеді. Онда жалған топтар арқылы темекі өндіретін фермерлердің мүддесін көтеріп, фермерлерді «борыштық құлдықта» ұстап, темекі өндірісін насихаттап, оның экономикалық пайдасын әсірелеу туралы айтылған.

ДДСҰ сарапшыларының пікірінше, темекінің зияны тұтынушыларға ғана әсер етпейді. Оны өндіру процесі кезінде фермерлер созылмалы өкпе ауруына шалдығып, никотинмен (жасыл табак ауруы деп те аталады) уланады. Оған қоса темекі өндірісінде әлем бойынша миллионнан астам бала жұмыс істейді.

«Темекінің орнына азық-түлік өнімдерін өсіру арқылы біз денсаулықты бірінші орынға қойып, экожүйені сақтаймыз, өндірістік қауіпсіздікті нығайтамыз», - деді дәрігер Тедрос.

Ол әлемде 300 миллионнан астам адам азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігінен зардап шегетінін еске салды. Соған қарамастан 120-дан астам елде 3 миллион гектардан астам жер темекі өндіру үшін пайдаланылады, оның ішінде адамдар аш жүрген елдер де бар.

Бүгінгі күнге дейін темекі өндірісі Азия мен Оңтүстік Американың мәселесі деп есептеліп келді. Әлемдегі темекі өндірісінің 55 проценті Бразилия, Қытай мен Үндістанға тиесілі.

Еуропа аймағында табак өнімдерін өндіру бойынша көшбасшылар - Греция, Италия, Испания, Польша, Сербия және Түркия.

Жыл сайын 31 мамырда ДДСҰ мен оның серіктестері Дүниежүзілік Темекіге қарсы күрес күнін атап өтеді. Оның мақсаты – темекі өнімдерін пайдаланғаннан кейін пайда болатын мәселелерге назар аудартып, онымен тиімді күрес шараларын ұйымдастыру.

Жыл сайын ДДСҰ темекіні бақылау саласында жетістікке жеткен адамдарға марапат табыстайды. Биыл бұл марапатты кениялық кәсіпкер Сприна Роби Чача алды. Ол темекі өндіруді тоқтатып, бұршақ өсіруге көшкен және басқа да жүздеген фермерге осындай тәсілді үйретті.