Биыл негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
«Үкімет алдына инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер қойылды. Биыл жоспар бойынша негізгі капиталға 18,3 трлн теңге инвестиция салынады. Бұл көрсеткіш былтырдың қорытындысынан 22%-ға артық болмақ. Шағын және орта бизнесті жүйелі қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 116-ға ұлғайтылды», - деді Ә. Қуантыров Сенатта Қазақстанның инвестициялық ахуалы тартымдылығы тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, қызметтің бірқатар басым түрі бойынша пайыздық ставканы субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Бизнестің жол картасын қаржыландыру 224 млрд теңгеге дейін өсті.
«Шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру ескерілген. Атап айтқанда, орта бизнесті қолдау бойынша қосымша қадамдар жасалады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда шетелдік инвестицияның басым бөлігі шикізат секторына бағытталып жатыр.
Әлібек Қуантыров мұнай мен газ саласына инвестиция өскенін айтты.