Русский Сайттың толық нұсқасы

«Эйр Астанаға» қатысты тексеру жұмыстары басталды - ТМР комитеті

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2016
  • 3837

«Эйр Астана» компаниясына қатысты тексеру жұмыстары басталды. Бұл туралы "Астана" телеарнасына Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті ресми түрде мәлімдеді. Бұдан алдыңғы жаңалықтарымызда отандық әуе компанияларының билет құнын шарықтатып жібергенін хабарлаған едік. Бағалар неліктен қымбаттады? Әуе компанияларының бұған айтар уәжі қандай? Саламат  Омаш тарқатады.

Саламат Омаш, тілші: 

Бас көлік прокуратурасының тексерісінен соң әуе компаниялары арасында кішігірім дүрбелең туғандай. Олар билеттердің бағасы қалай және не үшін қымбаттап кеткенін түсіндірумен әлек.  Соңғы бір жылда ғана ішкі рейстер құны шамамен 40 пайызға дейін өскен. Шет елдерге ұшатын рейстер де қалыспайды. Бұл ретте «Эйр Астананы»  бөле-жара айтуға тура келеді.  Қазақстан көгінде үстемдік құрып келе жатқан компания бағаны тіпті 50 пайызға дейін шарықтатып жіберген. Аталған компания бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзды ма? Бүгінде осы мәселе төңірегінде тексреу жұмыстары басталып та кетті.

«Астана» арнасы осы мәселеге қатысты табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне хат жолдады. Ресми жауапта көрсетілгендей, комитетке жыл басынан бері билет бағаларының қымбаттағаны туралы бірнеше шағым түскен. Әрине, «Эйр Астана» әуе компаниясына қатысты. Жан-жақты зерттеу нәтижесінде эконом кластың орташа бағалары 40 пайызға өскені дәлелденді. 21 бағыт бойынша. «Эйр Астанада» бағаның өсу қарқыны өзге компаниялармен салыстарғанда әлдеқайда жылдам екені де белгілі болды. Ведомстводан келген жауапта бұл кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы бойынша заң бұзушылық болып табылады делінген. Компанияға қатысты тергеуді бастауға бәсекелестікті қорғау заңнаманың бұзылғаны себеп болған. Ал «Эйр Астананың» өз айтары бар. Компания өкілдері 2016 жылдың бірінші жартысында баға 40-50  емес, 22 пайызға өсті дейді. Ұшаққа қатысты шығындар- сұйық отын мен техникалық жабдықтау құны, лизингтік төлемдер шетел валютасымен төленеді. Ал оны теңгеге шаққанда баға әлдеқайда қымбат болып шығады.Осылай деген «Эйр астаналықтар»  дағдарыс әсерінен жарты жылда компания 6,6 миллион доллар шығынға батты дейді. 

Тілек Әбдірахымов, «Эйр Астана» АҚ корпоративтік коммуникациялар менеджері:

Биылғы жылдың бірінші жартысында ішкі рейстерге тарифтердің бағасы откен жылғы кезеңмен салыстырғанда 22 пайызға ұлғайды. 09.19- 35. бҰған қарамастан біздің негізгі тарифтеріміз яғни ең сатылымы жоғары тарифтеріміз көтерілмеген.

Билет бағасының өскенін «Скат» әуе компаниясының өкілдері де жасырмады.

Виктория Старожилова, «Скат» АҚ PR-менеджері:

2016 жылдың жаз айларында билеттер бағасы орта есеппен алғанда 10 пайызға өсті. Бұған дағдарыстың әсері бар. Себебі барлық шығындар есеп қисап шетел валютасымен жүргізіледі. Біз тарифтер мен бағалардың өзгерісі туралы барлық қадағалаушы органдарға тұрақты түрде есеп беріп отырамыз.

Рейстер бағасының қаншалық қымбаттағанына көз жеткізу үшін билет сататын әуе агенттігіне бардық. Ең қымбат рейстердің қай бағытқа ұшатынына да осы жолы қаныға түстік. Егер әуе кемесіне билетті дәл ұшатын күні алсаңыз Астана-Ақтау бағыты бойынша барып-қайту құны 109 мың теңге. Ал Елордадан Ақтөбеге немесе Шымкентке жету үшін 105 мың теңге төлейсіз. «Бек Эйр» әуе компаниясымен ұшам десеңіз Астана-Алматы 75 мың, Астана-Ақтөбе 76 мың теңге.

Жанна Мұқашева, әуе агенттігінің қызметкері:

Батыс аймақ деп отырмын гой. Астана, Ақтау, Атырау, Ақтөбе болса, мысалы, сол күні алса, 109 мың, 100 мыңнан жоғары болады. Ең қымбат эконом класс, мысалы, «Эйр Астана». 

Бүгінде «Эйр Астанаға» қатысты бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзды деген айыппен тергеу-тексеру  жүргізу туралы бұйрық шықты. Қолданылған шара әкімшілік заң бұзушылық болса, компанияның бір жылдың ішіндегі монополиялық жолмен тапқан кірісі толықтай тәркілінетін болады.

Саламат ОМАШ