Елордада мектеп директорының ісі арнайы жұмыс тобында қаралып, нәтижесінде ол қызметінен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласының білім басқармасы №49 орта мектептегі жағдайға түсінік берді.
«Аталған мектеп директорына қатысты қызметтік тергеу жүргізу үшін басқарманың 26 мамырдағы №1098 бұйрығына сәйкес жұмыс тобы құрылды. 26 мамырда жұмыс тобының қорытындысы бойынша мектеп директорының іс-әрекеті тәртіптік комиссияның отырысында қаралды. Бүгінде №49 орта мектептің директоры білім басқармасының 29 мамырдағы №1113 бұйрығымен жұмыстан шығарылған», - делінген хабарламада.
Желіде тараған ақпаратқа сенсек, мектеп директоры «Абайтану», «Қазақ әдебиетіндегі эссе жазудың құрылымы» және «Жаһандық құзыреттілік» сияқты факультативті сабақтар үшін ақша алып отырған, бірақ сабақты өткізбеген.