Русский Сайттың толық нұсқасы

Тараздық хирургтар науқастың бронхынан екі жыл бұрын тұрып қалған құрманы алып тастады

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2023
  • 867

Тараз қаласында хирургтар әйелге ота жасап, оның бронхынан тұрып қалған құрманы алып тастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығына (ЖОКО) 1966 жылғы әйел жүгінген. Ол іріңді қақырық түріндегі тұрақты жөтелге, физикалық күш кезіндегі ентігуге байланысты шағымданған. Айтуынша, екі жыл бойы осылай ауырған, қатты қиналған кезде амбулаториялық ем қабылдап, жүре берген. Ведомство ақпаратынша, науқасты компьютерлік томографиядан өткізгеннен кейін төменгі оң жақ бронхтың дистальды бөлігінде бөтен дененің белгілері, сондай-ақ оң жақ өкпенің S7, S10 гипостатикалық пневмониясы және созылмалы бронхит анықталған. Сондай-ақ науқас фибробронхоскопиялық тексеруден де өткен. Зерттеу нәтижелері бойынша әйелге оң жақтағы бронхтың төменгі бөлігінде бөтен дене (жеміс сүйегі), сондай-ақ екі жағынан іріңді эндобронхит диагнозы қойылған. Науқас гемоптизге байланысты шұғыл түрде кеуде хирургиясы бөлімшесіне жатқызылған. Кейін дәрігерлер оның бронхында тұрған құрманы эндоскопиялық тәсілмен алып тастаған. Содай-ақ шаю мен гемостатикалық терапиядан кейін қан кету тоқтатылған.

"Құрманың мөлшері - 1,5*0,5*0,3 . Бүгінде жағдайы жақсарған науқас бөлімде ем алуын жалғастыруда. Туберкулезге және онкологияға биопсия деректері теріс нәтиже көрсетті", - дейді медицина қызметкерлері. Емдеуші дәрігер Ерназ Әлиевтің сөзінше, науқас екі жыл бұрын құрма жеп отырып, шашылып қалғанын айтқан. Алайда ауырсыну басылғаннан кейін ұмытып кетіп, уақыт создырып жүре берген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Байзақ ауданының тұрғыны дәрігерлерге өзін ұзақ уақыт мазалаған аурудан құтқарып, білікті медициналық көмек көрсеткені үшін алғысын айтқанын да атап өтті.