Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда үлескерлер проблемасын түбегейлі шешуге бағытталған заң қабылданды

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2016
  • 2321

Тұрғын үй құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту енді заңмен реттеледі. Оныншы қазаннан бастап күшіне енетін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң құрылыс компанияларына азаматтардың қаржысын тартуға қатаң талаптар қойып отыр.

Енді үлескерлер ақшасын тарту үшін, Қазақстан ипотекалық компаниясынан алған міндетті кепілдендіру келісімі болуы керек. Мұнан бөлек, әкімдіктің рұқсатымен екінші деңгейлі банктер арқылы ақша құйылуы тиіс. Үшіншіден, тұрғын үйдің қаңқасы толық көтерілген болуы керек. Ең бастысы - жекенің ақшасын әкімдіктен арнайы рұқсат алған компаниялар ғана тарта алады. Осы үш механимз арқылы үлескерлердің ақшасы тартылып, бірақ міндеттер орындалмаса, кепілдік берген қор, банк немесе әкімдік ол нысандар бойынша жауапкершілікті мойнына алады. Сондай-ақ бір құрылыс компаниясының бірнеше нысан құрылысын қатар жүргізуіне тыйым салынады. Яғни олар бір нысанды қолданысқа беріп, сонан соң ғана келесі жобаға кірісуі керек.

Гүлжан Кивенова, Астана қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл заңда құрылыс компанияларына қойылатын талаптар нақты бекітілген. Кепілдендіру қорынан кепілдік алған компаниямен келісім жасалып, ақша құйғысы келетін азаматтар міндетті түрде ол келісімді талап етуі тиіс. Ал  қаңқасы көтерілген үйге үлестік қаржы тартатын құрылысшылардан жергілікті атқарушы органның рұқсатын талап ету керек.