Русский Сайттың толық нұсқасы

"44 градус ыстық": Азияның кей елдерінде аптап ыстықтан адамдар қайтыс болып жатыр

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2023
  • 791

Азия аймағындағы кей елдерде нормадан тыс жоғары температурадан адамдар қайтыс болып жатыр. Бангладеште, Қытайда және Үндістанда рекордтық жоғары температура тіркеліп отыр. Ал Вьетнамда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші өскен. Мамандар аномалиялық ыстық ауа райын климаттың өзгеруімен байланыстырады. Бұл туралы Хабар 24 телеарнасы хабарлайды.

Вьетнамда кондиционерлерге сұраныс артқан

Телеарнаның хабарлауынша, Вьетнам астанасы – Ханой қаласында көше шамдары жартылай сөндірілген. Ал тас жолдар мен саябақтарда жарықтандыру уақыты екі есе қысқарған. Бұл шара электр желісіне жүктемені азайту мақсатында қабылданған, өйткені рекордтық жоғары температура кезінде кондиционерлерге сұраныс артты. Билік басқа қалаларда да электр қуатының өшетінін және кей тұрғындар 7 сағатқа жарықсыз қалуы мүмкін екендігін ескерткен. Сондай-ақ жалғасып жатқан қуаңшылықтың салдарынан өзендердегі су деңгейі төмендеуде. Синоптиктердің болжамы бойынша осы аптада ауа температурасы 38 градусқа жетеді. Мемлекет билігі тұрғындарды ыстық ауа райының салдарынан адам ағзасы сусыздануы мүмкін екендігі туралы ескертіп отыр.

Қытайда шамамен 100 жыл бойы болмаған қуаңшылық тіркелді

Телеарнаның ақпаратынша, 29 мамырда Қытайдың Шанхай қаласында ең ыстық күн болған - термометрлер 36 градустан асып кеткен. Синоптиктердің сөзінше, бұл 100 жылдан астам уақыт аралығында тіркелген рекордтық көрсеткіш. Ауа райы ескертуі "сары" деңгейде. Адамдарға мүмкіндігінше үйден шықпай, күн өтіп кетпеудің алдын алу шараларын қабылдау ұсынылған. Алдағы күндері қуаңшылық Қытайдың басқа да қалаларында, көбіне елдің оңтүстігінде өтеді деп күтілуде. Синоптиктер нормадан тыс аномалиялық жоғары температура кем дегенде екі айға созылуы мүмкін екенін айтқан.

Үндістанда аномалиялық жоғары температурадан 11 адам қайтыс болды

Жалпы Азияда биылғы көктемде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тұр. Үндістанның кейбір аймақтарында температура рекордтық деңгейге жеткен. Ондағы ауа температурасы 44 градустан асып кеткен. Ауа райының қолайсыздығынан кем дегенде 11 адам қаза тапқан.

Бангладеш астанасы Дакка қаласында соңғы 60 жыл ішіндегі ең ыстық күн тіркелген.

Таиландтың батысындағы Так қаласында да ауа райы нормадан тыс жоғары деңгейде.

Бұған дейін БҰҰ алдағы бес жылда тарихтағы ең жылы ауа райы кезеңі болатыны туралы айтқан. Бұған парниктік газдар мен Эль-Ниньо құбылысы себеп болып отыр.