Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанға бір күнде 200 млрд теңге инвестиция тартылды

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2016
  • 2507

Солтүстік Қазақстан облысына бір күнде 200 миллиард теңге инвестиция тартылды. Петропавлда өткен «Қызылжар инвест 2016» халықаралық форумы нəтижесінде 22 келісімшартқа қол қойылды. Теріскейліктер шетелдік инвесторлармен түрлі салаларда қоян қолтық əріптестік орнатпақ. Осының арқасында өңірдің экономикалық ахуалын жақсартуды көздеп отыр. Тілшіміз Абзал Құрманкин форумның ұтымды тұстарына үңіліп көрді.

Шетелдік инвесторлардың қызығушылығын ояту үшін шара отандық тауарлар көрмесінен басталды. Өңірдің  40-қа жуық маңдай алды кəсіпорны өз өнімдерін қойған.  «Қызылжар инвест 2016» форумына 7 мемлекеттен келген 500-ден астам мейман қатысты. Инвесторлардың қызығушылығы жоғары.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Биылғы жылдың 8 айында 93 миллиард теңге инвестиция құйылған. Бұл нәтижеге 2014 жылы өткізілген Қызылжар инвест форумы зор ықпал етті. Бүгінгі жиынның да жемісті боларына сенеміз.Инвесторлар қызықты жобалармен танысып, өзіне тән бағытты табады деп ойлаймын. Әзірге инвестиция тарту бойынша 5-орында келе жатырмыз. Жыл аяғына дейін бірінші орынға шығуды жоспарлап отырмыз.

Форум қатысушыларының арасында Швеция делегациясы да бар. Бұл елдің ауыл шаруашылығы саласы жаңа технологиялардың арқасында қарқынды дамып келеді. Еуропалықтар енді қазақстандықтармен де бірлесе жұмыс істеуге ниетті.

Свен-Эрик Букт, Швецияның ауыл шаруашылығы министрі:

Қазақстанмен түрлі салалар бойынша тығыз қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отырмыз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы бағытында. Швецияның бірқатар компаниясы инновациялардың арқасында Еуропа нарығында ойып тұрып орын алды. Қазақстанның әлеуеті зор. Сондықтан біз бірнеше жобамен келдік. Оларды жергілікті биліктің көмегімен іске асыратын ойымыз бар.

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы 154 миллиард теңге инвестиция тартып, оқ бойы озық шыққан. Қызылжар өңірі алдағы уақытта да бұл бағыттан таймауды көздеп отыр. 2014 жылы өткен халықаралық форумда 50 миллиард теңгеге келісімдер жасалса, биыл бұл көрсеткіш 4 есе өскен. Форум қорытындысы бойынша  200 миллиард теңгені құрайтын 22 келісімшартқа қол қойылды.

Абзал ҚҰРМАНКИН