Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 43 градусқа дейін аптап ыстық күтілуде

Біріккен Ұлттық Ұйымы алдағы бес жыл адамзат тарихындағы ең ыстық кезең болатынын хабарлады. Қазірдің өзінде әлемнің кейбір елдерінде аптап ыстықтан адамдар көз жұмып жатыр.Бангладеште, Қытайда және Үндістанда рекордтық жоғары температура тіркелді. Бізде де жаз шықпай жатып, күн ысыды. Синоптиктер алдағы уақытта термометр көрсеткіші 43 градусқа дейін көтерілетінін айтып, ескерту жасады.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Астанаға көктем кеш келеді деп жүргенде, көктем жазға айналғандай. Күн күрт ысып, жұрт жадыраған жаздың қызығына батуда. Су бұрқақтың айналасы мен саябақтарда адам көп. Бірі көлеңкеде жан сауғаласа, енді бірі күннің шуағына бөленіп, қыздырынғанды жөн көреді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Күн қатты ысып кетті, сол үшін досым екеуміз келіп шомылып жүрміз.

- Иә, биыл енді бірінші рет мамыр айында ыстық болып тұр.

- Негізі Астананың ыстығы ыстық емес, Қызылорданың ыстығын айтуға болады.

- Ыстықтардың барлығы алда.

- Биыл қайта шамалы кішкене салқындау болып тұрған шығар. А так былайынша жылда ыстық болғанда, ертең июльдің кезінде үйден шықпай жататын кездер болады.

Бүгін Қызылордада термометр бағанасы 36 градусты көрсетті. Жазда бұл өңірде 45 градусқа дейін күн ыситынын ескерсек, сыр бойылықтар үшін бұл түк емес. Мамандардың айтуынша, еліміздің біраз өңірінде биыл аптап ыстық болады деген болжам бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қостанайға нағыз жаздың жалпағы келген сияқты. Бір жетідей боп қалды ғой күннің ысып жатқанына.Адамдардың денсаулығына әсер етеді ғой.

- 40 градусқа дейін барады деп болжап жатыр.Адамдардың қан қысымы көтеріліп , әсіресе жүрегі ауыратын адамдарға қиын енді.

- Ертең шілде болғанда не болады?!.. Біздің Шымкентте былтыр 60 градус ыстық болған. Онда да зорға шыдадық қой.

 - Ыстық. ыстық ...қайта көлеңкеде жүрміз. Жел. Жел басылмай жатыр.

- Сұмдық болайын деп тұр. Біз секілді қария кісілерге қиын болайын деп тұр әсіресе

Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйымның басшысы Петтери Тааластың айтуынша, жақын арада Эль-Ниньо ыстығы келеді. Бұл климаттың антропогенді өзгерістерімен сай келіп, ғаламдық температураның өсуіне әкеледі. "Бұл денсаулыққа, сауда-саттық қауіпсіздігі мен қоршаған орта, су ресурстарын басқару саласына әсер етеді. Біз оған дайын болуымыз керек", деді ол. Мұндай ауа райы әрбір 2-7 жыл аралығында кездеседі.