Русский Сайттың толық нұсқасы

"Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының келешегі өте зор", - Президент

Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының келешегі өте зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен саммитте осылай деді. Президент бас қосуда одаққа мүше елдермен бірлесіп жұмыс істеуде 6 бағыт бойынша басымдықтарды атап өтті. Ол қандай бағыттар? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Саммитке Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Еуропалық Кеңестің Президенті, Қырғызстан , Тәжікстан , Өзбекстан басшылары мен Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары қатысты. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының болашағы зор деді. Арадағы алыс-беріс те жыл сайын ұлғайып келеді. Елімізде Еуропалық капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам компания жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық ел үшін стратегиялық маңызы бар ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бойынша құны 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ЕО елдеріне экспортты ұлғайтуға дайын. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор.

Мемлекет басшысы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атады. Президенттің пайымынша, қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің бағалауы бойынша, Транскаспий бағыты 2030 жылға қарай жыл сайынғы өткізу қабілетін 250-300 мың контейнерге дейін ұлғайта отырып, өз әлеуетін одан әрі кеңейтеді. Еуропалық серіктестерді Каспий теңізі порттарын дамытуға, олардың қызметін цифрландыруға, сондай-ақ көлік кемелерін бірлесіп өндіруге және логистикалық қоймалар құруға белсенді қатысуға шақырамыз.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық ресурстарды Қазақстаннан Еуропаға тасымалдау бағыттарын әртараптандыруға да ерекше назар аударды. Бұл тұста Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын мұнай бағыты бойынша ЕуроОдақ әрі қарайда қолдау білдіруін сұрады. Сонымен қатар Президент климат және «жасыл энергетикаға» көшу салаларындағы өзара іс-әрекетті келесі басымдық ретінде атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз тұйық циклды экономика қағидаттарын белсенді түрде енгізіп жатырмыз. Еліміздің энергетикалық тепе-теңдік құрылымындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі қазірдің өзінде 4,5 пайызға жетті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға жету керек. Біз бұл тұрғыда Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі, су ресурстары, жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері жөніндегі бірлескен күш-жігерді жандандыру орынды деп санаймыз

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев қазіргідей геосаяси жағдайда Орталық Азия мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығы өте маңызды дейді.

Ғазиз ӘБІШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Қазақстан үлкен мемлекет емес. Ал біз бірге жасасақ бізде 50-80 млн адамы бар, экономикамыз болады. Сондықтан біздің ықпалымыз үлкенірек болуы мүмкін. Сол себепті бізге осындай одақ аса қажет болып жатыр.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуде және ауқымды демократиялық өзгерістерді жүзеге асыруда Еуропалық Одақтың көрсеткен қолдауына жоғары баға берді.