Маңғыстауға келетін туристер саны артқан. Өңірге 2026 жылға дейін 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарлануда. Облыс әкімі логистика мен инфрақұрылымды дамыта отырып, туризм, ауыл, балық шаруашылығын жандандырмақ ниетте.
Маңғаз Маңғыстау туристер арнайы іздеп келетін аймаққа айнал¬ды. Былтыр 310 мыңнан астам туристер келсе, биыл бұл көрсеткіш біршама өсуі мүмкін. Облыс әкімінің сөзінше, облыстың орналасқан жері қолайлы. Сондықтан мұнайға тәуелділіктен арылу үшін жаңа бағыттарды жүзеге асыру қажет дейді.
Нұрлан НОҒАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Облысқа келетін туристердің саны да және туристік объектілердің көрсететін қызметтерінің көлемі де жылдан-жылға артып келе жатыр. 310 мың турист келді деп дерек беріп отырмыз. Десе де бұл біздің ресми қонақ үйлерде орналасқан туристер саны екенін ескеру керек. Мұның сыртында өзінің ағайын-туысына және ескертусіз келіп, пәтерлерді жалға алып, өздерінің демалыс орындарын ұйымдастыратын туристердің санын ескерсек, басқаша сан шығады.
Өткен жылы 4 жоба іске асырылған, жалпы құны 1 миллиард 100 мың теңге. 80 жаңа жұмыс орны ашылған. Әкім бұл істің биыл да жалғасын табатынын айтты.
Нұрлан НОҒАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
17 жобаны жүзеге асырдық. Жалпы соммасы 25 миллиард теңге. Нәтижесінде 600 жұмыс орнын құруға мүмкіншілік болды. Жалпы 2026 жылға дейін 100 жобаны жүзеге асырып, жалпы құны 1,9 трлн. теңге және нәтижесінде 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз.
Облыста туризм саласын дамытудың маңыздылығы жыл сайын артып келеді. Шикізат базасының молдығы, экономикалық тұрақтылық, қолайлы инвестициялық ахуал, географиялық орналасуы. Мұның барлығы инвестиция көлемін одан әрі арттыруға ықпал етеді.