Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шымкент жастар лигасы» қорытындыланды

Шымкентте мектеп оқушылары арасындағы «Жастар лигасы» өз мәресіне жетті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған спорттық шараның финалдық ойындары қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шаһардың талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалғанын айта кету керек.

«Шымкент жастар лигасы» жобасында 151 мектептің оқушылары спорттың төрт түрінен, яғни футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан бақ сынады. 500-ден астам команда жасақталған. Ұйымдастырушылар дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан спорттық шараға қатысушылар саны жылдан жылға артуда дейді. Жобаның маңызы -ерекше.

Мақсұт ИСАХОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шымкент жастар лигасын өткізу мақсатымыз – әр оқушы өзінің мектебінің, өзінің елінің, өзінің қаласының патриоты болу. Ұлтжанды болуға тәрбиелеуге бағытталған программа.

«Шымкент жастар лигасы» - республикада алғаш рет қолға алынған бірегей жоба. Мектеп оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болған жарыс түрі. Биыл сайысқа 6 мыңнан астам оқушының қатысуы – лиганың бұқаралық сипат алғанының көрінісі. Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды.

Гүлназ ӘБІЛДАЕВА, Ө. ЖОЛДАСБЕКОВ АТЫНДАҒЫ №9 IT-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Екінші рет жеңімпаз. Бұл өте үлкен еңбектің арқасында. Өйткені біздің командамыз , кішкентай 6-шы, 7-ші кластар арасындағы оқушыларымыз осы екі айдан кейін болатын әлем чемпионатында 50 мемлекеттердің арасында Қазақстан Республикасының оқушыларын танытады. Жүйелі жұмыстың нәтижесі деп ойлаймын.

Нұран БАЛЖАН, Т. ТӘЖІБАЕВ АТЫНДАҒЫ №47 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:

Көңіл күйім жақсы әрдайым. Жеңіске жетіп тұрмыз. Өте тартымды ойын болды. Қарсыластарымызға да рақмет айтамыз. Жақсы ойнады олар да өте.

Жеңімпаздар әрине құр қайтпады. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.