Русский Сайттың толық нұсқасы

«Самұрық-қазына Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры игі шараны қолға алды

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2016
  • 5074

Ақмола облысының Аршалы ауданында құны 100 млн теңге тұратын жаңа әлеуметтік жоба қолға алынды. «Менің елім» бағдарламасы аясында «Самұрық-қазына Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры осындай игілікті шараны жүзеге асырып отыр. Бұл тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту болды.

Қордың мақсаты - шалғайдағы елді мекендерде болып, әбден тозығы жеткен құрал-жабдықтарды заманауи жабдықтармен алмастыру. Осылайша халық игілігіне қызмет ету. Аршалыдағы көптен бері қараусыз қалған күзгі баққа тұрғындар келмей кеткен еді. Ал, бүгін балалар ата -аналарымен келіп, асыр салып ойнап жүр. Қазір мұнда жаңадан жабдықталған балалар алаңы бар. Мұнан бөлек, спорт алаңқайы, тіпті теңбіл доп қуалайтын арнайы орын да бар. Үлкендер дене жаттығуларын жасап, шынығуға келсе, жастар да мұнда уақытын тиімді өткізеді.

Айдана Сембиева, Аршалы ауданының тұрғыны:

Осы парк алаңы өте ескі болған. Биыл жаңадан ашылып, балалар да, өзім де қуаныштымын. Балалар осы алаңда ойнап-күліп жүре беретініне сенімдімін. Өте қуаныштымын.

Мұнан өзге Аршалыдағы орта мектептің спорт залы да су жаңа инвентарьлармен толықты. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен созылмалы дертке шалдыққан балалар да назардан тыс қалмаған. Мұндай игі шараны енді Қазақстанның өзге де облыстарында жалғастыру жоспарда бар. Павлодар мен Маңғыстау өңірінде бұл бағыттағы әлеуметтік жобалар биылдан қалмай жүзеге асады. Оның аясында тек спорттық нысандар емес, емдеу мекемелеріндегі жабдықтарды алмастыру да қаралған. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 3 млрд теңге жұмсалады.

Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ коммуникация бойынша басқарушы директоры:

Бұл бастамасы, әрі қарай келе жатқан 3 жылдың ішінде қазір жоспарлаған жұмыстарды орындауға тырысамыз. Біз білім министірлігі арқылы мәліметтер алдық, қазір сол арқылы дайындалып жатырмыз. 100- ден аса мектеп бар республика бойынша, онда да көбінде әлеуметтік, медицина жағынан жұмыс жасауға дайындалуда.