Русский Сайттың толық нұсқасы

Қонаевта рәміздер күнінің аясында 150 келілік көк ту көкке көтерілді

Ұзындығы 30 метр, салмағы 150 келі. Осындай ерекше көк байрақ арнайы тапсырыспен тігіліп, көкке көтерді. Қонаев қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен шараға әріптесім Әйкерім Пернебек барып келді.

Рәміздер мерекесін атап өтуге 2 мыңға жуық халық жиналды. Үлкендер егемендіктің символы саналатын белгілердің айрықша мәнге ие екендігін өскелең ұрпаққа ұғындырды. Әрдайым құрмет көрсетіп, мақтаныш санауымыз қажет деді. Шараға аймақ басшысы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Мемлекеттік рәміздер мемлекетімізді айқындайтын, халқымызды мықты рухын қаһармандығы мен даналығын, асқақ-арман тілегін жеткізетін құнды белгілер. 30 жылдан бері көк туымыз бейбітшіліктің символына айналды.

Мерекелік жиын барысында әлеуметтік желіде трендке айналған ауқымды бейнеролик түсіріліп, “Мемлекеттік туым- менің мақтанышым” челленджі басталды.

Ерасыл ТОЛЫМБЕКҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Үлкен челлендж жасайын деп жатырмыз. Барлық Респбулика бойынша мемлекеттік гимн орындалады. Басты мақсаттардың бірі бұл мемлекеттік рәміздерімізді дәріптеу, ұлықтау себебі мемлекеттік рәміздеріміз тек спорттық шараларда емес, осындай үлкел шараларда рух беретін үлкен символдардың бірі ғой.

Сондай-ақ мемлекеттік ту ілінген дәстүрлі ретрокөліктер шеруі өтті. Оған қала ардагерлері және шетелдік қонақтар қатысты. Жылжымалы көрмеде тіпті Дінмұхамед Қонаевтың автомобилі көпшілікке көрсетілді.

Вилли АНГАЛЬД, ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ РЕТРО-КӨЛІКТЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алматыда туып өстім, қазіргі уақытта Германияда тұрып жатырмын. Бірақ маңызды мемлекеттік мерекелердің барлығын жібермей қатысуға тырысамын. Наурыз, сайлау және бүгінгідей рәміздер күніне қатысу - мен үшін үлкен қуаныш. Елтаңба, әнұран, және туды әрдайым құрметтеу керек. Мен үшін бұл үш рәміз өте ыстық.

Рәміздерді ұлықтау, мақтан ету әрбіріміздің парызымыз.