Түркістан облысы Кентау қаласындағы темір жол тұйықтары талқандалып жатыр. Кәсіпкерлер жекеменшік қолға өтіп кеткен шойын жолдарды кесіп, қара темірге өткізілуде. Егер пойыз жолдары бұзылса, өңірдегі өзге ірі кәсіпорындар шығынға батуы мүмкін, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның мәліметінше, тауарын тек темір жолмен тасымалдайтын зауыт басшылары тоқырауға ұшырайтынын айтуда. Ал рельстерді кесіп жатқан кәсіпкер аукционнан алған теміржол торабын әкімдікке кері сатып алуға ұсынған екен. Бірақ олар ниет танытпаған көрінеді.
Кезінде комбинатқа тиесілі болған темір жол 90-жылдары банкке кепіл ретінде өтіп, ақыры оны бірнеше кәсіпкер сатып алған. Жеке қолға тиген соң кәсіпкерлер дамытудың орнына темірлерін кесіп сатып жатыр.
Телеарнаның ақпаратынша, шикізат пен дайын өнім тасымалдауға арналған шойын жолдың бойында бірнеше кәсіпорын бар. Мұнда мыңдаған адам жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Егер теміржол талқандалса, тасымалдан қағыламыз дейді өзге кәсіпорын иелері.
"Қазір бұл жолда істеп тұрған зауыттар бар. Жол бұзылса, шикізат тасымалданғаннан кейін зауыттардың жұмысы тоқтайды. Кәдімгі асфальт жолмен тасыса, біріншіден, асфальтты құртамыз, екіншіден, ол қымбат болады. Құны қымбаттайды да, біздің тауар бәсекесіз болмақ", - дейді кәсіпкер Бауыржан Құдайбергенов.
Қаладағы жекеменшікке өтіп кеткен теміржол тұйықтарының біразы бұзылған. Бизнесмендер темірін сатып, ағашын отқа жағып жіберген. Теміржолдың бір бөлігі әу баста Кентау жылу энергоорталығына тартылған. Ол жолмен жыл сайын вагон вагон көмір тасылатын. Бірақ ол да ақыры жекешеленіп кеткен. Соның салдарынан бұзылып сатылып кеткен.
Нәтижесінде мекеменің шығыны артып, тұрғындарға тариф қымбаттаған. Ал кезіндегі шойынжолдан қалғаны тас қана. Стратегиялық нысанды кәсіпкер аукционнан сатып алыпты. Кейін әкімдікке қымбатқа өткізгісі келген. Бірақ бағасына келісе алмапты. Тек телефон арқылы тілдескен Сембек Әбдірахманов әлі де өзіне тиесілі екі шақырым шойын жолды сатуға мүдделі екенін жеткізді. 70 миллион теңге берсе, темірлерді талқандамаймын дейді.
Бұл дауға Кентау қаласының әкімі де араласқанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.
"Кентау қаласы әкімдігі осы сатылған темір жолды мемлекеттік меншікке алу бойынша жол көлік инспекциясына, көлік прокурорына, темір жол торабына, сонымен бірге табиғи монополия департаментіне хат жолдаған. Бүгінде хаттың жауабын күтіп отырмыз", - деді Кентау әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбаева.
Хаттың жауабы келгенше, қаладағы жекеге өтіп кеткен темір жолдар түгел талқандалуы мүмкін. Себебі, өзге кәсіпкерлер де рельстерді кесіп, қара темір қабылдайтын орындарға өткізуге бел буып отыр.