Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддер ЖЭО толығымен күрделі жөндеуден өтеді

Риддер Жылу электр орталығында 6 қазандық, 3 турбина, жылу құбырлары, қосалқы жабдық толығымен күрделі жөндеуден өтеді. Қазірдің өзінде 200-ге жуық адам жылу орталығында жұмысты бастап кетті. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Аймақ басшысы Даниал Ахметов 15 қыркүйекке дейін орталық жылу маусымына толық дайын болуы қажет деп тапсырма берді.

70 жылға жуық тарихы бар Риддер жылу электр орталығында алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазандықтар, трубиналар, желдету жүйесінен бастап қосалқы жабдықтарға дейін жаңа бөлшектер қойылмақ.

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бізде уақыт аз. Тұрғындар алдында үлкен жауапкершілік бар. Оны жақсы түсінеміз. Сол үшін де аянбай еңбектенеміз. Әлбетте, бүкіл механикалық бөлік пен жабдықты жөндеу өте қиын. Бірақ жаңартуға міндеттіміз.

Орталықтың директоры Игорь Михайленко бұрын сағат тілі сияқты жұмыс істейтін еді дейді. Жанар-жағармайға, жалақыға, жөндеуге қаражат жеткілікті болған. Жекенің қолына өткеннен кейін жағдай күрделенген. Қондырғылар істен шығып, жарылыстар жиіледі.

Игорь МИХАЙЛЕНКО, РИДДЕР ЖЭО ДИРЕКТОРЫ:

Шындығында, қазіргі акционерлердің көмегі және олардың станцияны ұстап тұру қабілеті туралы айтудың өзі қиын. Талқылаудың қажеті жоқ. Оларға сенім білдіріп жағдайды реттей алмаймыз.

Бүгінде Риддер ЖЭО облыс әкімдігінің қатаң бақылауында. Станцияның бұрынғы иелерінің есепшоттары бұғатталды. Өйткені, жанар-жағармай, жарық және жөндеу жұмыстарына миллиардтаған қарыздары бар. Енді стансаны коммуналдық меншікке беру жөнінде келісімдер жүргізілуде.

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Станцияның иелері бізге келісім берді. Шаров пен Әбдірахманов мырзалар. Олар станцияны жедел басқаруға алуымызға келісті. Станцияның жағдайы нашар. 6 қазандықта күрделі жөндеуді қажет ететінін көріп отырмыз.

Қазір жаңа жабдықтарды жеткізу жолға қойылды. Агрегаттар мен механизмдердің бір бөлігін облыстың зауыттары жасайды. Әрбір мердігер үшін нақты әрекеттер алгоритмі әзірленді. Риддерліктер жаңа және келесі жылыту маусымында қалада апаттар мен төтенше жағдайлар орын алмайтына сенімді.