Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлықтар аптап ыстықта тасаттық беріп, құрбан шалды

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2023
  • 1414

Қуаңшылық пен құрғақшылықтан қауіптенген Кереку жұрты жаппай тасаттық беріп жатыр. Бұған дейін өңірдің бірқатар аудандарында Алладан жәрдем сұралса, бүгін облыс орталығындағы "Құлагер" ипподромында құрбандық шалынды, деп жазады Massaget.kz

ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі Жолдас қажы Қоспақұлы бас болып тасаттық намазы оқылды. Тасаттық намазына күннің ыстығына қарамастан облыстың әр түкпірінен бірқауым жамағат жиналды. Құран бағышталып, Алладан жаңбыр тіледі. Бұдан кейін Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешітте ас берілді.

"Мал санын азайтып жатырмыз. Өйткені, жайылым жоқ, шөп жоқ. Тоғайға су шыққан жоқ. Шаруалар осындай қиындық көріп жатыр. Тіпті, 600 ешкіні арзан бағаға сатып жатырмыз. Айтудың өзі ұят", - дейді шаруа қожалық басшысы Гүлзира Қазылова.

Жаз басталғалы бері Павлодар өңірінде күн күйіп тұр. Ауа температурасы соңғы тәуліктерде +40-қа дейін жетті. Аспаннан тамшы тамбаған соң даланың шөбі күйіп кетті. Биыл Ертіс өзені де шабындықтарға толық жайылмады. Сол себепті, өзенді жағалай қонған шаруалар күзде шөптен тарығамыз ба деп қауіптенеді. Тіпті, құрғақшылықтан қорқып мал басын азайтып жатқандар да жоқ емес.