Русский Сайттың толық нұсқасы

Бейбіт Атамқұлов Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2016
  • 2699

Бүгін билікте бірқатар ауыс-түйіс орын алды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бейбіт Атамқұлов жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Осыған орай Атамқұлов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды.

Президент жарлығымен аталған өңірге Жансейіт Түймебаев әкім болып тағайындалды. Оның кандидатурасын облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс берді. Түймебаев осыған дейін Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін атқарған.

Су жаңа басшыны оңтүстік жұртшылығына Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев таныстырды. Жансейіт Қансейітұлына бұл өңір бөтен емес. Ол Бәйдібек ауданының тумасы. Үкімет басшысы оңтүстікті 1 жыл 2 ай басқарған Бейбіт Атамқұловтың жұмысына оң баға берді. Сондай-ақ қос лауазым иесін де қызметімен құттықтап, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Екі-үш айдың ішінде бөлінген қаржының бәрі толығымен игерілуі қажет. Оның үстіне Елбасының «100 нақты қадам - Ұлт бағдарламасы» бойынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша берілген тапсырманың бәрі орындалуы қажет. Осының бәрін өздеріңіз жаңадан тағайындалған әкіммен бірге жылдың соңына дейін қол жеткізіп, еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығын үлкен мереке қылып өткізесіздер деп, сенім білдіремін.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ