Русский Сайттың толық нұсқасы

Семей орманындағы өрт: 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздеу жүргізіліп жатыр

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2023
  • 943

Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. ҚазАқпарат бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі Төтенше жағдайлар министрлігінің Ахуалдық орталығының базасында Жедел республикалық штаб отырысын өткізді. Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков баяндама жасады.

«9 маусым күні сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Астана қаласы және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ қосымша 4 тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтің айтуынша, өрт 8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымға жуық қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66-кварталында шықты.

"Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды", - деді Димитрий Гариков.