Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ-та жоғалған студентті іздестіру жалғасуда

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2016
  • 2707

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен Ержан Еліковты іздестіру жалғасуда. Бұл мәселе бойынша АҚШ-тағы Қазақстан өкілдігі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірігіп жұмыс істей бастады. Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы Жанболат Мелдешов біздің арнаға берген сұхбатында осылай деді.

«Болашақ» бағдарламасындағы 12 мыңнан астам студенттің төрт жүзі халықаралық бағдарламалар орталығына қиындық тудырған. Олардың басым бөлігі шәкіртақыдан қол үзіп қалған соң, елге оралмай, шетелде қалып қояды екен. Ал өскемендік Ержан Еліковті іздестіруге тек Білім министрлігі емес, Сыртқы істер министрлігі мен полицейлер де кірісіп кеткен.

Жанболат Мелдешов, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті:

Бұл бойынша АҚШ-тағы өкілдермен де жұмыс істеліп жатыр. Ол студент шәкіртақысынан айырылғанға дейін бізбен байланыста болды. Одан кейін біз тек ата-анасымен сөйлестік. Себебі келісімшарт бойынша ата-анасы кепіл. Бұндай жағдайлар бізде кездестіп тұрады. Біраз уақытқа байланыссыз кеткен студенттердің барлығы табылған болатын.  

Жанболат Мелдешовтың айтуынша, жоғалған студенттің ата-аналары орталыққа бірнеше күн бұрын ғана шағымданып келген. Ал Ержан Еліковтың әкесі, керісінше, орталықтан жауап ала алмай жүргенін айтады. Оның сөзінше, баласының жоғалғанына бес жыл болған. Осыған қарамастан, сот орындаушылары студенттің оқуына бөлінген ақшаның мемлекетке қайтарылуын талап етіп отыр.

Серік Еліков, Ержанның әкесі:

Ешкім бізге жауап бермейді. Баламыздың қайда екенін білмейміз. Қалайша бұлай болғанына таңғаламын. Жазбаша түрде жауап берсе де болады ғой. Мен жазсам, жауап бермейді. Неге олай жасайтыны түсініксіз. 

Ал Еліковтердің отбасылық адвокатының айтуынша, іс осы аптада аздап ілгері жылжыған. Егер Президент аппараты мен Ішкі істер министрлігіне шағымданып бармағанда, жабылған қазан жабулы күйінде қалар ме еді, дейді ол.

Қалтай Қалиақпаров, Еліковтер отбасының қорғаушысы:

Тек содан кейін ғана қылмыстық іс қозғалды. Адам жоғалу ісі бойынша іс Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментіне берілді. Ары қарайғы шаруаны тиісті орган жүргізетін болады.

Қазір бұл іс Сыртқы істер министрлігінің қатаң бақылауында тұр. Ержанның ата-анасы министрлікке ақпан айында көмек сұрап келген екен. Алайда, студенттің Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде тіркеуде тұрмауына байланысты, іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген.

Саламат ОМАШ