Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық өрт сөндірушілер Абай облысының Талица және Успенка ауылдарын өрттен қорғап қалды

Қарағандылық өрт сөндірушілер Абай облысының Талица және Успенка ауылдарын өрттен қорғап қалды. Қазір ең бастысы- орман өртіне жақын орналасқан екі ауыл тұрғындарын аман алып қалу. 60-тай құтқарушы өртті сөндіре отырып тілсіз жауды өршітпеуге тырысып жатыр.

 Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Абай облысындағы орман өртін ауыздықтауға Қарағанды гарнизонынан 57 өрт сөндіруші мен 11 техника жөнелтілген. Қазір қарағандылық құтқарушылар жедел штаб тапсырмасымен екі аумақта жұмыс істеп жатыр. Олар - ең қауіпті ошаққа жақын орналасқан Талица және Успенка ауылдары. Біздің құтқарушылар өртті сөндіре отырып елдімекендерді қызыл жалыннан аман алып қалды.

Қазір бұл ауылдардың маңында қызыл жалынның беті әлі қайта қойған жоқ. Тұрғындар қауіпсіз аумаққа көшіріліп, құтқарушылар күндіз - түні тынымсыз отпен арпалысуда. Ел тарихында бұрын болмаған алапаттың ауырлығы сонша қызметкерлер кезекпен демалып тынығуға тырысуда.

Нұралы СМАҒҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІ ММ ЖЕДЕЛ КЕЗЕКШІСІ:

Бізден кеткен қызметкерлер өте білікті мамандар, өздерінің ісінің мамандары. Штабтан алған тапсырма ол- жаңағы Талица ауылы мен Успенка ауылының жанып кетпеу, сол ауылдарға өрттің өршімеуі. Өйткені олар орман өртінің жанында орналасқан ауылдар және де сол ауылда тұратын тұрғындардың өмірін сақтап қалу. Сондықтан өртті сөндіре отырып сол екі ауылға өртті өршітпеді.

Жалпы Қарағанды гарнизонында 1 мың 7 жүз адам бар. Сондықтан қажет болса Абай облысына әлі де көмек жіберуге дайын.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Сонымен бірге қарағандылықтар бүгіннен бастап орман өртінен зардап шеккен Абай облысының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетпекші. Көмек жинау пункті бүгін ғана ашылды. Оны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды. Ертеңнен бастап бірінші кезекте қажетті заттарды жөнелтеміз деп отыр.