Русский Сайттың толық нұсқасы

«Көз алдымызда жанып кетті»: Алматы облысының тұрғындары үйден шыққан өртті өшіруге су таппаған

Алматы облысы Береке ауылының тұрғындары ауыз суға зәру. Аптап ыстықта сусап отырған халық әкімдіктің алдына жиналды. Жергілікті атқамінерлер су тапшылығын ауа райының күрт ысуымен, ал оған сорғылардың шыдас бермеуімен байланыстырады. Бар айтатындары: суды үнемдеу үнемдеп, бақшаны суармау қажет. Алайда, тұрғындар бақша суармақ түгілі, ішетін су таппай отырғандарын айтады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Береке ауылы жұртының әбден берекесі қашты. Ауыз суға зәру тұрғындар тіршілік нәрін әрі тасып, әрі сатып алып ішуге мәжбүр. Міне, бір шаңырақтың қажеттіліктерін өтеу үшін осылай бөтелкелеп жиған су қоры бір күнге де жетейтін көрінеді.

Гүлбаршын Байтілеева 2 айдан бері үйдегі су құбырының шүмегін аңдумен жүр. Бірақ құбыр құрғақ, бір тамшы су жоқ. Екі ұлын жетектеп, құдығы бар бірен-саран ауылдастарынан су тасиды. Жалынып – жалпайып жүру кімге жақсын? Амалы қалмаған соң дүкеннен қап-қызыл ақшаға литрлеп сатып алады.

Гүлбаршын БАЙТІЛЕЕВА, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суымызды берсе екен. Положеный нәрсе ғой. біз не положеный нәрсені сұрап тұрғанымыз жоқ. Күн ыстық болғандықтан моторымыз су жіберіп үлгермей жатыр дейді. Конечно, ауылды үлкейтіп жатыр. Үлкейткен кезде бір башняның суы қалай жетеді? Бірнешеуін салсын.

Ең сорақысы, тұрғындар судың рахатын көрмесе де, ақы төлеп келеді.

Ләззат ӘБДИЕВА, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көпбалалы анамын. Қолымда ата-енем бар, олар да ауру кісілер. Судың тапшылығынан қатты қиналып жатырмыз. Күнде осындай ыссыда жүрміз. Главное, әр айда тұрақты ақша төлейміз. Суға, мысалы, осы айда 4333 теңге төледім мен. Соның өзінде су жоқ.

Ол-ол ма, елдімекенде орталықтандырылған су жүйесіне мүлдем қосылмаған үйлер де бар. Олардың жағдайы тіпті қиын. Күні кеше ғана ауылдың қақ ортасында құрылысы бітпеген үй өртеніп кетті. Тұрғындар өз бетінше отты ауыздықтайын десе, су жоқ. Өрт сөндіру қызметкерлері жеткенше баспанадан түк қалмаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген.

Самат ЕШМҰХАМЕТОВ, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

3 бала мен екіқабат әйелім шелекпен су тасып жүр. Қазір дамыған заман ғой. Не сұмдық бұл? Скважина қазғанымен, дәмі бар. Огород қана суарасың онымен, ішкенге келмейді. Іше берсең, бала шағаның іші тасқа толып қалмай ма? Пожар болды, жыбырлады. Оны өшіруге де су болған жоқ.

Елтай ауылдық округіне 9 ауыл кіреді. Оны әрқайсында су тапшылығы бар екенін әкім де мойындайды. Қызмет көрсететін жекеменшік компания күн ысып кеткеніне байланысты сорғылардың шыдамай жатқанын айтты. Енді жаңасы орнатылып жатыр деп сендірді. Ал орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған үйлердің мәселесі шамамен бір жарым жылда шешіледі дейді.

Біржан МАХАТОВ, ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

9 ауылда бес жыл бұрын 4 мың халық болған. Қазіргі уақытта 9 мың халыққа жетіп жатыр. Новостройкалар өсіп жатыр. Су тапшлығы кетіп жатыр. 2 башня, бір резервуар бар, олар жетіспейді. Проект бойынша біз резервуарлар салайын деген кезде уже 15 мың үйге жететіндей су проектирование жасап жатырмыз. Проектісі 6 айдан кейін бітеді. Су тапшылығы ыстық күндері ғана болады.

Су берілгеннің өзінде біраз уақыт оны үнемдеуге тура келеді. Мәселен, таңғы 7 ден кешкі 11 ге дейін бақшаны суаруға тыйым салынбақ.