Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас прокуратура: Абай облысындағы өртке қатысты Ильин, Сүлейменова және Ұранхаевтан жауап алынады

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2023
  • 913

Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бүгін Абай ауданындағы өртке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында министрлер мен әкімдерден жауап алынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Журналистер Мәжіліс кулуарында Жандос Өмірәлиевке ТЖМ-нің экс-басшысы Юрий Ильинен, экология министрі Зүлфия Сүлейменовадан және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан жауап алынды ма деген сұрақ қойды.  

"Бұл істі бас прокуратура тергеп жатыр. Тергеу аясында жауап алынатындар арасында тек басшылар емес, сонымен қатар, жұмысшылар да бар, олар өртті сөндіріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз - өртті сөндіру. Бұл күндері біз оларға кедергі келтірмейміз. Қазір басқа да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Белгілі бір тергеу жоспары бар. Шенеунікті жауапқа алмас бұрын, біз басқа бағыныштылардан жауап алуымыз керек. Бірақ олардан міндетті түрде жауап алынады", - деді ол. 

Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, бұл қылмыстық іске әзірге мәртебе берілмеген.

Еске салайық, бұған дейін "Семей орманы" аумағында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек Абай облысындағы орман өртінің аумағы 2 мың гектарға жетті. Сондай-ақ, үш ауылдың тұрғындары үйлерін тастап кеткені белгілі болды. Ал тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.