Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өртті сөндіруге адамдар неліктен жеке көлігімен барған» – депутат

Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған лауазым иелері қылмыстық жазаға тартылады. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев осылай деп мәлімдеді. Орман өртіне байланысты арнайы тергеу тобы құрылды. Жұмысы екі айға созылуы мүмкін.

Мәжіліс депутаттары алдымен орман өртінен қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Артынша, қоғамда өзекті болып тұрған орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бойынша заң жобасын талқылады. Кем кетіктерді түзетудің жолы айтылды. Депутаттар бұған дейін де орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметінің жұмысын жүйелеуді бірнеше рет көтерген. Бірақ нақты нәтиже болмағанын Абай облысындағы жағдай көрсетті.

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

«Семей орманы» орман табиғи резерватының балансында 363 техника бар. Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, Абай облысындағы алапат өрт дерегі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған. Орманшылардың қайтыс болуы, өрт қауіпсіздігі, экологияға келген залалға қатысты тергеледі. Жалпы өз ісіне салғырттық танытқан лауазымды тұлғалардың барлығы жазаланатын болады.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең негізгісі – 14 орман шаруашылығы қызметкерінің қызметтік міндетін атқару кезінде қаза табуын ескере отырып, біз де лауазымды тұлғалардың салғырттығы бойынша қылмыстық іс қозғадық. Ал қазір бұл екі істі Бас прокуратура тергеп жатыр. Осы қылмыстық істі тергеу аясында өз міндеттеріне атүсті, жауапсыз қараған, соның салдарынан өзіне жүктелген міндетті орындамауынан қайғылы жағдайға және азаматтарымыздың қаза табуына әкеп соқтырған барлық лауазымды тұлға анықталады.

Әзірге лауазым иелеріне қылмыстық іс бойынша статус қойылған жоқ.