Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы ауданының тұрғындары оңалту орталығына жете алмай отыр. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының мобильді қабылдауы кезінде көтерілді. Көршілес Жаңақала ауданындағы оңалту орталығы бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына қарайды. Ал қор өкілдері мұнда келушілерді ауру түріне байланысты іріктеген. Осының кесірінен өңірдегі «Азғыр мен «Капустин Яр» әскери сынақ полигондарынан зардап шеккендер емделе алмай жүр, дейді бөкейордалықтар. Мысалы, биыл МӘМС-тің талабына сай келген тек 13 адам, былтыр 64 тұрғын ғана тыныққан. Ауылдықтарды алаламау үшін сауықтыру орталығының жарғысын өзгерту керек. Бұл үшін «әскери сынақ полигонынан зардап шеккендерді оңалтуға болады» деген бір ауыз сөз қосса жеткілікті. Сонда мүгедектер ғана емес, зейнеткерлер де тегін ем алар еді, дейді тұрғындар.
Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ, БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің аудан бойынша 1506 зейнеткер бар, 551 мүмкіншілігі шектеулі адам бар, 2 мыңға тарт адам бар. Олар - қоғамның ең әлжуаз топтары. Олар Түркияға, Анталияға, Сарыағашқа барып демала алмайды. Себебі өте қымбат. Сондықтан зейнеткерлер демалатын бір орын болуы керек.
«AMANAT» партиясының мобильді қабылдауы кезінде Жәнібек пен Бөкей Ордасы ауданының халқы әлеуметтік мәселелердің шешім таппай жатқанын жеткізді. 30 мыңға тарта тұрғыны бар екі аудан үшін оқушылардың жазғы демалыс орнын ашу, ауыз сумен қамту және ауданның экологиялық ахуалы маңызды.
Гауһар ШАЙХИНИЯЗОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бірнеше күн жүріп, ауылдықтардың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың базынасын тыңдап қайттық. Енді осы тұрғындардың өтініштерінің оң шешілуіне ықпал жасау үшін жұмыстанатын боламыз. Себебі біздің «AMANAT» партиясы үшін әр ауыл тұрғынының, әр тұрғынның базынасы, мұң-мұқтажы маңызды, оны орындау басты орында.