Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәселе Сенатқа жетті

Мемлекет бюджетіне ай сайын 200 миллион теңге салық төлеп отырған еліміздегі ең ірі зауыттың мәселесі Сенатқа жетті. Бүгін Оралдағы "Кублей" зауытының тағдыры талқыланып, зауыт басшысы ведомствоаралық комиссия құруды ұсынды. Даудың басы қала әкімдігінің зауыттың қасына көпқабатты тұрғын үйлер салуға рұқсат бергенінен басталған. Кәсіпорын тарапы сотта оның заңсыз екенін сан мәрте дәлелдеп бердік деп отыр. Ал келесі жылы зауыттың санитарлық аймаққа қатысты құжатының мерзімі аяқталады. Тиісті рұқсат қағазы уақытында берілмесе, облыстағы ет өткізіп отырған 3 мыңға жуық шаруа қожалығы да, зауытта жұмыс істейтін 750-ден астам адам да жұмыссыз қалуы мүмкін.

Талғат БЕРЕКЕШОВ, «КУБЛЕЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Зауыт Үкіметтің қаулысына сәйкес Орал қаласының бас жоспарына сай өндірістік аймақта орналасқан. 2020 жылы құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін сала бастады. Ал өндірістік аймақта 100 метрге дейін нысан салуға болмайтыны белгілі. Олар болса, тұрғын үйді 42 метр қашықтықта сала бастады. 2020 жылы сот санитарлық аймақты растап, «Кублейдің» арызын қанағаттандырған. Бірақ, жоғары сот кассациялық инстанцияға ұсыныс беріп, іс қайта қаралуда. Біз бәрібір Жоғары сотқа дейін барамыз.